Google ЖИ жасаған жарнамаларды арнайы белгілей бастайды

Пайдаланушылар жарнаманың жасанды интеллект арқылы жасалғанын арнайы бөлімнен көре алады.

Google ЖИ жасаған жарнамаларды арнайы белгілей бастайды
REUTERS/Dado Ruvic

Google компаниясы жасанды интеллекттің көмегімен жасалған немесе өңделген жарнамаларды арнайы белгілеуді бастайды. Жаңа мүмкіндік пайдаланушыларға көріп отырған жарнаманың жасанды интеллект технологиялары арқылы дайындалғанын түсінуге мүмкіндік береді.

Жасанды интеллект бүгінде компанияларға жарнама материалдарын жылдам әзірлеуге, өнімдерді түрлі ортада көрсетуге және интернет-дүкендерге арналған фототүсірілім шығындарын азайтуға көмектеседі. Алайда тұтынушы жарнамадағы суреттің шынайы емес, жасанды интеллект арқылы жасалғанын білмесе, бұл жаңылыстыруы мүмкін.

Google жаңылыстыратын және жалған жарнамаға тыйым салғанымен, синтетикалық немесе цифрлық түрде өңделген контентті жарнамада қолдануға рұқсат береді. Бұған дейін мұндай ақпаратты жариялау талабы тек сайлауалды жарнамаларға ғана қатысты болған.

Енді жаңа мүмкіндік «Менің жарнама орталығым» (My Ad Center) бөлімінде қолжетімді болады. Бұл бөлімді пайдаланушылар Google Search, YouTube және Google Discover сервистеріндегі жарнаманың жанындағы үш нүкте немесе ақпарат белгішесін басу арқылы аша алады.

Қазірдің өзінде бұл бөлім арқылы пайдаланушылар жарнаманы бұғаттай алады, оған шағым түсіре алады, жарнама беруші туралы мәліметтерді және не себепті дәл осы жарнаманың көрсетілгенін көре алады.

Жаңа жаңартудан кейін мұнда «Бұл жарнама қалай жасалды?» деген қосымша бөлім пайда болады. Онда жарнаманың жасанды интеллект арқылы жасалғаны немесе өңделгені туралы ақпарат көрсетіледі.

Алайда бұл жүйенің шектеуі де бар. Белгі автоматты түрде тек Google-дың өз жасанды интеллект құралдары арқылы жасалған немесе өңделген жарнамаларға қойылады.

Егер жарнаманы жасау үшін үшінші тараптың жасанды интеллект сервистері қолданылса, бұл туралы ақпаратты жарнама беруші өзі көрсетуге міндетті болады. Google мұндай мәліметтердің дұрыстығын өз бетінше тексермейтінін мәлімдеді.

Сонымен қатар кейбір елдерде жергілікті заңнама талап етсе, жасанды интеллект көмегімен жасалған жарнамалар міндетті түрде арнайы белгіленетін болады.

Материал авторы