2047

Ақтөбеде сарбазды соққыға жыққан сержант сотталып кетті

Сержант өз кінәсін мойындамай, өзін толық ақтауды талап етті.

Ақтөбеде сарбазды соққыға жыққан сержант сотталып кетті
AI / SMARTNEWS.KZ

Ақтөбе гарнизонының әскери соты мерзімді әскери қызметтегі сарбазды соққыға жыққан сержантты қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деп танып, оны 1 жылға бас бостандығынан айырды.

Әскери соттың мәліметінше, тергеу органдары сержантқа Қылмыстық кодекстің 451-бабының 1-бөлігі бойынша айып таққан. Ол өзіне берілген өкілеттіктің шегінен шығып, жәбірленушінің денсаулығына елеулі зиян келтірген.

Сот материалдарына сәйкес, айыпталушы мерзімді әскери қызметшілерге жауапты бола тұра, сарбазға дене жарақатын салған. Соның салдарынан жәбірленушінің денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келген.

Мемлекеттік айыптаушы соттан бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған.

Ал айыпталушы өз кінәсін мойындамай, өзін ақтауды талап етті. Сонымен қатар ол азаматтық талапты ішінара ғана мойындап, жәбірленушіге тек өкіл қызметіне жұмсалған сот шығындарын өтеуге келісетінін мәлімдеген.

Жәбірленуші соттан айыпталушыны заң аясында жазалап, азаматтық талапты толық қанағаттандыруды сұрады.

Сот сержанттың кінәсі сот-медициналық сараптама қорытындысымен, жәбірленуші мен куәлардың, сондай-ақ сарапшының жауаптарымен толық дәлелденгенін атап өтті.

Сот үкімімен сержант Қылмыстық кодекстің 451-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 1 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бұдан бөлек, сот жәбірленушінің пайдасына 700 мың теңге моральдық өтемақы және 900 мың теңге өкілдің қызметіне кеткен сот шығындарын өндіріп беру туралы шешім шығарды.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор