1532

Әскери қызмет туралы жалған ақпарат таратқан қазақстандыққа айыппұл салынды

Қорғаныс министрлігінің тексеруі видеодағы адамның әскери қызметші болмағанын анықтады.

Әскери қызмет туралы жалған ақпарат таратқан қазақстандыққа айыппұл салынды
t.me/egovpress

Қазақстанда әскери қызметтің беделіне нұқсан келтіретін жалған ақпарат таратқан азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Ведомствоның мәліметінше, азамат Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабының 2-бөлігі («Жалған ақпаратты орналастыру және тарату») бойынша жауапқа тартылған. Сот оған 20 айлық есептік көрсеткіш (86 500 теңге) көлемінде айыппұл салды.

Іске 26 маусым күні egov.press Telegram-арнасында жарияланған бейнематериал негіз болған. Онда видеодағы ер адам негізсіз Қазақстан Қарулы күштерінің әскери қызметшісі ретінде көрсетіліп, әскери қызметтің беделіне нұқсан келтіретін мәлімдемелер жарияланған.

Жазбада: «Әскери қызметшіміз дегендер азаматтарды қорғаудың орнына олардың өміріне қауіп төндіріп, өз құқық бұзушылықтарын әлеуметтік желіге жариялайды» деген сипаттағы пікір келтірілген.

Қорғаныс министрлігі жүргізген тексеру нәтижесінде бейнедегі адамның әскери қызметші еместігі анықталған. Ол қазіргі уақытта да, бұған дейін де Қазақстан Қарулы күштерінде немесе өзге әскери құрылымдарда қызмет атқармаған.

Тексеру материалдары ішкі істер органдарына жолданып, олардың қарау қорытындысы бойынша азамат жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Министрлік әскери қызмет пен Қазақстан Қарулы күштерінің беделіне нұқсан келтіретін жалған мәліметтерді тарату заңнамада көзделген жауапкершілікке әкелетінін еске салды. 

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор