Қостанайда вагонға шығып тоққа түскен жасөспірімнің қамқоршысы жазаланды
Жасөспірім суретке түсу үшін байланыс желісі астындағы пойыз вагонына көтерілген.
Қостанайда пойыз вагонының үстіне шығып, тоқ соққан жасөспірімнің қамқоршысы кәмелетке толмаған баланың қауіпсіздігін тиісінше қамтамасыз етпегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Мамандандырылған ауданаралық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі сот ер адамға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабының 1-бөлігі бойынша істі қарады. Ол кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу, оның құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамаған деп танылды.
Сот анықтағандай, 2026 жылғы 25 маусым күні кешкі сағат 21:00 шамасында 2010 жылы туған жасөспірім Қостанай стансасының Оңтүстік теміржол паркінің аумағында болған. Суретке түспек болған ол байланыс желісі тартылған пойыз вагонының төбесіне шығып кеткен.
Салдарынан жасөспірімді электр тогы соғып, ауыр жарақат алған. Дәрігерлер оған III дәрежелі күйіктік шок, дене бетінің 60 пайызын қамтыған күйік, сондай-ақ мұрны мен тілінің соғылған жарақаттарын анықтаған.
Сот отырысында қамқоршы өз кінәсін толық мойындап, жасөспірімнің анасы қайтыс болғаннан кейін оның заңды қамқоршысы болғанын айтты.
Сот қаулысымен ер адам кінәлі деп танылып, оған 43 250 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Әзірге сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Материал авторы