1736

«Анамды қорлады»: ХҚКО-дағы жанжалға қатысты сот шешімі шықты

ХҚКО басшысымен жанжалдан кейін сотқа түскен қазақстандық ақталды.

«Анамды қорлады»: ХҚКО-дағы жанжалға қатысты сот шешімі шықты
azattyqasia.org

Жамбыл облысында Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысымен жанжалдан кейін сотқа тартылған азамат әкімшілік жауапкершіліктен босатылды. Сот оның кінәсін дәлелдейтін жеткілікті айғақтар жоқ деген қорытындыға келді.

Шу аудандық соты ер адамға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі (ұсақ бұзақылық) және 667-бабының 1-бөлігі (полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбау) бойынша біріктірілген екі әкімшілік істі қарады.

Іс материалдарына сәйкес, жанжал Шу аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығының ғимаратында болған. ХҚКО басшысы келушіге тазалық сақтау қажеттігі туралы ескерту жасағаннан кейін олардың арасында дау туған.

Сотта азамат ХҚКО басшысы өзіне және анасына қатысты балағат сөздер айтқанын, соның салдарынан жанжал өршігенін мәлімдеді. Ал әкімшілік хаттамада оның төбелес шығаруға әрекеттенгені және полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбағаны көрсетілген.

Өз кезегінде ХҚКО басшысы ешқандай қорлау сөздерін айтпағанын айтып, тек тазалық сақтау жөнінде ескерту жасағанын, содан кейін келушінің өзін агрессивті ұстай бастағанын жеткізді.

Алайда сот полиция тарапынан ер адамның құқық бұзушылық жасағанын растайтын жеткілікті әрі объективті дәлелдер ұсынылмағанын анықтады. Атап айтқанда, бейнебақылау камераларының жазбалары мен полиция қызметкерлерінің кеуде камераларындағы бейнематериалдар іске тіркелмеген. Сондай-ақ куәгерлердің айғақтары да оқиғаның мән-жайын нақты растауға мүмкіндік бермеген.

Кінәсіздік презумпциясы қағидатын басшылыққа алған сот барлық күмән жауапқа тартылған адамның пайдасына шешілуі тиіс екенін атап өтті. Осыған байланысты ер адамның әрекеттерінен әкімшілік құқық бұзушылық құрамы табылмай, іс өндірісі тоқтатылды.

Сот қаулысы заңды күшіне енді. 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор