Испания соңғы минуттағы голмен Бельгияны жеңіп, жартылай финалға шықты
Испания енді Франциямен кездесетін болды.
Испания ұлттық құрамасы 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының ширек финалында Бельгияны 2:1 есебімен жеңіп, турнирдің жартылай финалына жолдама алды.
Кездесу АҚШ-тың Инглвуд қаласындағы «Соу-Фай» стадионында өтіп, тартысты бәсекеге ұласты.
Матчтағы есепті 30-минутта испаниялық жартылай қорғаушы Фабиан Руис ашты. Алайда бірінші тайм аяқталмай жатып бельгиялық шабуылшы Шарль Де Кетеларе есепті теңестірді. Нәтижелі пасты қорғаушы Тимоти Кастань берді.
Жеңіс голы матчтың соңғы минуттарына таман соғылды. 88-минутта алаңға қосалқы құрамнан шыққан Микель Мерино қарсылас қақпасын дәл көздеп, Испанияға жеңіс сыйлады. Айта кетейік, дәл осы Мерино бұған дейін Португалияға қарсы кездесуде де жалғыз әрі шешуші голдың авторы атанған болатын.
Екінші таймда Бельгия құрамасының негізгі қақпашысы Тибо Куртуа жарақат алып, 71-минутта оның орнына Сенне Ламменс шықты.
Осы жеңістен кейін Испания құрамасы жартылай финалға жолдама алып, онда Франциямен кездеседі. Еуро-2024 жеңімпаздары мен әлем чемпионатының қазіргі күміс жүлдегерлері арасындағы ойын Қазақстан уақытымен 14 шілдеден 15 шілдеге қараған түні басталады.
Сонымен қатар бұл матч Испания үшін тағы бір маңызды статистиканы үзді. Команда әлем чемпионатындағы жеті ойыннан кейін алғаш рет гол жіберді. Ал қақпашы Унаи Симонның турнир тарихындағы рекордтық 650 минуттық гол жібермеген сериясы аяқталды.
Материал авторы