Елордада екі күндік BaiQymyz-2026 фестивалі басталды
Бас сахнада қазақстандық танымал әншілер мен шығармашылық ұжымдар екі күн бойы өнер көрсетеді.
Бүгін, 11 шілдеде Астанадағы «Қазанат» ипподромында екі күнге жалғасатын BaiQymyz-2026 халықаралық гастрофестивалі өз жұмысын бастады. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты жазды.
Фестиваль барысында келушілер қымыздың сан алуан түрінен дәм татып, оны әзірлеудің дәстүрлі әдістерімен таныса алады. Сондай-ақ үздік қымыз өндірушілер анықталатын халықаралық байқау ұйымдастырылған.

Іс-шара аясында ұлттық тағамдарды дайындауға арналған аспаздық шоулар мен шеберлік сабақтары, «Үздік қазы» байқауы, сондай-ақ ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді. Бағдарламада көкпар, бәйге, аударыспақ, қыз қуу, дәстүрлі садақ ату сайыстары бар.
Бұдан бөлек, қонақтарға «Қой көтеру», «Жілік сындыру», шөген ойыны, ат үстіндегі квиддич, жауынгерлік жылқылардың көрсетілімі, ER QANATY жылқыларының шеруі және ат үсті өнері шеберлерінің арнайы қойылымдары ұсынылады.
Фестиваль аясында ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді дәріптеуге арналған «Дәстүр сәні: BaiQymyz-2026» байқауы да өтіп жатыр. Байқау жеңімпаздары 12 шілдеде анықталады.

Мерекелік концертте Sadraddin, Қазыбек Құрайыш, Ғазизхан Шекербек, «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі, Жұбаныш Жексен, Қайрат Бәкенов пен Format тобы, Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина, сондай-ақ басқа да өнерпаздар сахнаға шығады.
Фестивальге қатысу үшін бір күндік немесе екі күндік билет сатып алу қажет. Ал зейнеткерлер мен 16 жасқа дейінгі балаларға кіру тегін.