1420

Павлодар облысында жалған жүктілік анықтамасы үшін пара алған полицей сотталды

Мас күйінде жол апатын жасаған әйел жалған құжат арқылы әкімшілік қамаудан құтылуға тырысқан.

Павлодар облысында жалған жүктілік анықтамасы үшін пара алған полицей сотталды
polisia.kz

Павлодар облысында жалған жүктілік туралы анықтамаға байланысты қылмыстық іс бойынша полиция қызметкеріне сот үкімі шықты. Ол пара алу және әкімшілік іс бойынша дәлелдерді бұрмалау фактілері бойынша кінәлі деп танылды. Бұл туралы Бас прокуратура жазды.

Ресми мәліметке сәйкес, Ақсу қаласының мамандандырылған ауданаралық соты полиция бөлімінің қызметкеріне қатысты істі қарады.

Тергеу дерегінше, көлік жүргізу құқығы жоқ әйел мас күйінде жол-көлік оқиғасын жасаған. Әкімшілік іс сотта қаралып жатқан кезде оған жүктілік туралы анықтама ұсынылған. Осы құжат негізінде әйелге тағайындалуы мүмкін әкімшілік қамау жазасы айыппұлға ауыстырылған.

Алайда прокурорлардың тексеруі барысында медициналық анықтаманың жалған екені анықталды.

Құқық қорғау органдарының жедел әрекеті нәтижесінде сыбайлас жемқорлық фактісі әшкереленіп, мас күйінде жасалған құқық бұзушылық үшін тиісті жауапкершіліктен жалтаруға мүмкіндік берген жалған құжатты рәсімдеуге қатысы бар тұлғалар анықталған.

Сот полиция қызметкерін пара алғаны және әкімшілік іс бойынша дәлелдерді қолдан жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Оған 6,6 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар ол мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Сондай-ақ сотталған қызметкер арнайы атағынан айырылып, пара ретінде алған қаражаты мемлекет кірісіне тәркіленді.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ақсу қаласында жалған жүктілік туралы анықтаманы пайдалану фактісі анықталған болатын. Жалған құжат негізінде әйелге бастапқыда айыппұл салынған, кейін жаза 20 тәулік әкімшілік қамауға ауыстырылған.

Осы жағдай бойынша Қылмыстық кодекстің 416-бабы («Дәлелдемелерді бұрмалау») бойынша іс қозғалып, полиция қызметкерлеріне қатысты да сотқа дейінгі тергеу басталған.

Материал авторы