10 жасар бала қаза тапқан: Өрт сөндіру көлігі жүргізушісіне шыққан үкім өзгеріссіз қалды
Апат салдарынан екі адам қаза тауып, 11 адам түрлі деңгейде жарақат алған болатын.
Маңғыстау облыстық сотының апелляциялық алқасы Жаңаөзен қаласында адам өліміне әкелген жол апаты бойынша сотталған өрт сөндіру көлігі жүргізушісіне қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды. Бұл туралы Lada.kz басылымы жазды.
8 шілдеде қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкіміне қатысты қорғаушы тараптың апелляциялық шағымын қарады.
Алайда сот шағымды қанағаттандырмады. Осылайша, бірінші инстанция сотының шешімі өз күшінде қалды.
Бұған дейін өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі бес жылға бас бостандығынан айырылып, сондай-ақ жеті жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылған болатын.
Қайғылы оқиға 18 қаңтарға қараған түні Жаңаөзен қаласында болған.
Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт сөндіру автоцистернасы шақырту орнына бара жатқан кезде Lifan маркалы жеңіл автокөлікпен соқтығысқан. Соққыдан кейін арнайы техника аударылып, қоршауды бұзып өтіп, тұрғын үйдің қабырғасына барып соғылған.
Жол апаты салдарынан екі адам қаза тапты. Олардың бірі жеңіл көліктің жолаушысы болса, екіншісі үйде болған 10 жастағы қыз бала.
Апат кезінде барлығы 11 адам зардап шеккен. Олардың арасында Lifan көлігінің жүргізушісі, өртке қарсы қызметтің жеті қызметкері және зақым келген үйдегі тағы бір бала болған.
Материал авторы