Қазақстанда Аризона университетімен бірлескен қос диплом бағдарламасының алғашқы түлектері диплом алды
Петропавлдағы Kozybayev University студенттері Қазақстан мен АҚШ жоғары оқу орындарының дипломдарын қатар алды.
Петропавл қаласында Kozybayev University мен Аризона университетінің бірлескен білім беру бағдарламалары бойынша оқыған алғашқы түлектерге қос диплом табысталды. Олар Қазақстан мен АҚШ жоғары оқу орындарының дипломдарын қатар иеленді.
Салтанатты рәсім жоғары білім саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды кезең ретінде бағаланды.

Түлектерге дипломдарды ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джули Стаффт және Аризона университетінің президенті Суреш Гаримелла табыстады. Сонымен қатар оқу үлгерімі жоғары және университет өміріне белсенді араласқан студенттер марапатталды.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен Аризона университетінің серіктестігі Қазақстандағы жоғары білімді халықаралық деңгейде дамыту бағытындағы ірі жобалардың біріне айналды.
Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекші шетелдік университеттерді Қазақстанға тарту және отандық білім сапасын арттыру жөніндегі бастамасы аясында жүзеге асырылып келеді.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Аризона университетінің Қазақстанда алғашқы болып филиал ашқан шетелдік жоғары оқу орындарының бірі екенін атап өтті.

«Аризона университеті Петропавлда микрокампус ашқан алғашқы шетелдік университет қана емес, сонымен қатар академиялық сапаға, өзара сенімге және болашақ мамандарды даярлаудағы ортақ жауапкершілікке негізделген халықаралық білім беру моделінің бастамашысы болды», – деді министр.
Аризона университетінің президенті Суреш Гаримелла екі университет арасындағы серіктестік Қазақстан мен АҚШ-тың білім беру дәстүрлері мен ғылыми әлеуетін біріктірген табысты жоба екенін айтты.
Оның сөзінше, қос диплом бағдарламасы 2022 жылы іске қосылған кезде оған 43 студент қабылданған. Қазір бұл бағытта 368 студент білім алып жатыр.

«Бүгін алғашқы түлектер оқуын аяқтап отыр. Олар кезінде жаңа мүмкіндіктерге сенім артқан алғашқы студенттер болды. Енді олар жаһандық еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасуға дайын», – деді Суреш Гаримелла.
Қазіргі уақытта Kozybayev University мен Аризона университетінің бірлескен бағдарламаларында 1200-ден астам студент білім алуда. Оның ішінде 359 студент қос диплом бағдарламасына қатысып жатыр.
Университеттер арасында алты қос диплом бағдарламасы және 12 халықаралық білім беру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Сонымен қатар тараптар геномика, агротехнологиялар, су ресурстары және күкіртті полимерлеу бағыттары бойынша бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуде.

Алғашқы түлектердің шығарылуы Қазақстандағы халықаралық академиялық ынтымақтастық моделінің нәтижелі екенін көрсетіп отыр. Бұл жоба әлемдік деңгейде білім алған, халықаралық ортада жұмыс істеуге дайын жаңа буын мамандарын даярлауға бағытталған.