1068

Әйелін ұрды деп айыпталған боксшы жанжалға қатысты мәлімдеме жасады

Боксшының әйелі арызын қайтарып алған.

Әйелін ұрды деп айыпталған боксшы жанжалға қатысты мәлімдеме жасады
instagram.com/temirtaszhussupov

Қазақстандық боксшы Теміртас Жүсіпов пен оның жұбайы Айжан Жүсіпова үйдегі жанжалға байланысты алғаш рет бірге мәлімдеме жасады. Спортшы бұған дейін әйеліне күш қолданды деген айыппен қоғам назарында болған еді.

Ерлі-зайыптылардың айтуынша, олар болған жағдайды ашық талқылап, бір-бірін түсінуге келген және отбасын сақтап қалу туралы ортақ шешім қабылдаған.

Айжан Жүсіпова қылмыстық істі тоқтату туралы өтініш бергенін айтты. Оның сөзінше, бұл шешім өз еркімен қабылданған және оған ешқандай қысым жасалмаған.

«Бізде отбасылық жанжал болды. Екеуміз де қорытынды жасап, маңызды әңгіме жүргіздік. Отбасымызды сақтап қалу туралы ортақ шешім қабылдадық. Біздің шешіміміз бен жеке өмірімізге құрметпен қарауды сұраймыз», – деді Теміртас Жүсіпов.

Ал Айжан Жүсіпова істі тоқтатуға қатысты шешім өзінің жеке бастамасы екенін атап өтті.

«Өтінішімді қайтарып, қылмыстық істі тоқтату туралы өтініш беру туралы шешімді өз еркіммен қабылдадым. Ешқандай қысым болған жоқ», – деді ол.

Ерлі-зайыптылар мәлімдеме соңында қоғам өкілдерінен олардың жеке өміріне араласпауды және қабылдаған шешіміне түсіністікпен қарауды сұрады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Айжан Жүсіпованың туысы әлеуметтік желіде танымал қазақстандық боксшы Теміртас Жүсіпов әйелін соққыға жықты деген ақпарат таратқан болатын. Осыдан кейін Ақмола облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын растаған.

Туыстары спортшының әрекетіне құқықтық баға беруді талап еткен. Ал қазір тараптар жанжалдан кейін татуласқанын мәлімдеп отыр.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор