2121

АҚШ Иранға тағы соққы жасады: Ормуз бұғазы қайта жабылды

Вашингтон Тегеранды айыптаса, Иран өз әрекетін теңіз қауіпсіздігін қорғау шарасы деп түсіндірді.

АҚШ Иранға тағы соққы жасады: Ормуз бұғазы қайта жабылды
U.S. Central Command/Handout/REUTERS

АҚШ әскері Иран аумағына бір апта ішінде үшінші рет соққы жасады. Вашингтон бұл әрекетін Иран Ислам революциясы сақшылары корпусының (ИРСК) Ормуз бұғазындағы азаматтық кемеге жасаған шабуылына жауап деп түсіндірді.

АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жаңа шабуылдар туралы хабарлады. Ал Иранның мемлекеттік Press TV телеарнасы Тегеран қаласында әуе қорғаныс жүйелері жұмыс істегенін және бірнеше қалада жарылыс дыбыстары естілгенін мәлімдеді.

CENTCOM мәліметінше, америкалық әскердің әрекетіне ИРСК-дің Кипр туы астында Ормуз бұғазы арқылы өтіп бара жатқан GFS Galaxy контейнер кемесіне шабуылы себеп болған.

АҚШ әскери өкілдерінің айтуынша, шабуылдан кейін кемеде өрт шыққан, қозғалтқыш бөлімі зақымданған және экипаж мүшелерінің бірі хабар-ошарсыз кеткен. Кеме әрі қарай қозғала алмаған.

«Иранға сауда кемелеріне жасалған бұрынғы шабуылдардан кейін жауапкершілік танытуға тағы бір мүмкіндік берілді. Алайда ол бұл міндетті орындамады. Сондықтан АҚШ азаматтық теңізшілер мен халықаралық кеме қатынасын қорғау үшін Иранның шабуыл жасау мүмкіндігін әлсіретуді жалғастырады», – деп мәлімдеді CENTCOM.

АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет жағдайды қысқа түрде түсіндірді:

«Иран қате таңдау жасады. Енді оның салдарын төлеп жатыр».

Ормуз бұғазы қайта жабылды

ИРСК әскери-теңіз күштері контейнер кемесіне жасалған әрекетті «ескерту атысы» деп түсіндірді. Иран тарапының мәлімдеуінше, кеме белгіленген бағытпен жүрмеген және теңіз қауіпсіздігіне қауіп төндірген.

Иран билігі Ормуз бұғазы АҚШ-тың аймақтағы әскери әрекеті тоқтағанға дейін жабық болатынын хабарлады. Сонымен қатар ИРСК америкалық әскердің Иранға шабуылы жалғасса, Таяу Шығыстағы АҚШ базаларына жаңа соққылар жасайтынын ескертті.

Ормуз бұғазы әлемдік энергетика үшін аса маңызды аймақ саналады. АҚШ пен Израильдің Иранмен соғысы басталғанға дейін бұл теңіз жолы арқылы әлемдік мұнай саудасының шамамен 20 пайызы өткен.

Уақытша бітім қайта бұзылды

Бұған дейін 17 маусымда АҚШ пен Иран арасында әскери әрекеттерді тоқтатуға және стратегиялық теңіз жолын ашуға бағытталған келісім жасалған еді.

Алайда 25 маусымда Иран әскері Ормуз бұғазында азаматтық танкерге шабуыл жасады. Осыдан кейін АҚШ Иран аумағындағы әскери нысандарға соққы берді.

Содан бері тараптар арасындағы қақтығыстар бірнеше рет қайталанды. Иран шабуылдарының салдарынан Бахрейн мен Кувейт аумақтары да қауіпке тап болды. Ал АҚШ әскері Ирандағы радарлар, зымыран және ұшқышсыз аппараттарды сақтау орындары сияқты әскери нысандарды нысанаға алғанын мәлімдеді.

8 шілдеде Анкарада өткен НАТО саммитінде АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен жасалған өзара түсіністік туралы меморандумның енді күшінде емес екенін айтты. Ол Тегеран басшыларымен келіссөз жүргізуді қажетсіз деп бағалап, АҚШ Иранға қарсы мұнай санкцияларын қайта енгізгенін хабарлады.

11 шілдеде Reuters агенттігі Иран шенеуніктерінің АҚШ-пен жабық келіссөздерде Ормуз бұғазындағы жаңа шабуылдарға «бақылаудан шыққан жүйе элементтерін» кінәлағанын жазды.

Таяу Шығыстағы кезекті әскери шиеленіс мұнай нарығына, халықаралық кеме қатынасына және әлемдік қауіпсіздік жағдайына тікелей әсер етуі мүмкін.

Материал авторы