1381

Астана маңындағы қайғылы жағдай: балалар отырған көлік суға батып кетті

Құтқарушылар су түбінен көлікті алып шыққанымен, екі баланың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.

Астана маңындағы қайғылы жағдай: балалар отырған көлік суға батып кетті
Fotoandrius/Getty Imаges

Ақмола облысының Целиноград ауданында қайғылы оқиға болып, екі кәмелетке толмаған бала қаза тапты. Балалар отырған көлік су басқан карьерге құлап кеткен.

Оқиға Қызылжар ауылы маңындағы суға толған карьерлердің бірінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, ішінде балалар болған жеңіл көлік белгісіз себеппен еңіспен сырғып, суға түсіп кеткен.

Әлеуметтік желідегі Halyqstan Telegram-арнасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, қайғылы жағдай кезінде көлікте екі апалы-сіңлілі қыз болған. Олардың бірі 8 жаста, екіншісі 12 жаста болған.

Ақпаратта отбасы демалыс күндерін табиғат аясында өткізу үшін жасанды су айдыны маңына барғаны айтылған. Таңертең балалар суға шомылғаннан кейін жағалауда тұрған көлікке кіріп, құрғақ киімдерін ауыстырмақ болған.

Алайда көлік күтпеген жерден қозғалып, еңіспен төмен қарай сырғып, суға түскен.

Балалардың әкесі оларды құтқаруға әрекет жасағанымен, көліктің есігін аша алмаған және терезесін сындыру мүмкін болмаған. Көлік су астына кетіп, екі бала қаза тапқан.

Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға Целиноград ауданындағы су басқан карьерлердің бірінде болған.

«Алдын ала мәлімет бойынша, ішінде кәмелетке толмаған балалар болған жеңіл автокөлік белгісіз себептермен суға сырғып кеткен. Хабар түскеннен кейін оқиға орнына Ақмола облысы мен Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті күштері жетті. Құтқарушылар келген кезде полиция қызметкерлері де болған», – деп хабарлады ведомство.

Құтқару жұмыстары барысында мамандар көлікті судан шығарған. Оның ішінен қаза болған екі баланың денесі табылды.

Қазір қайғылы жағдайдың нақты себептері анықталып жатыр. Аталған факті бойынша Ақмола облысының полиция департаменті тергеу жүргізуде.

Материал авторы