Трамп: «Мендей сап-сау адам Вашингтонда көп емес»
АҚШ президенті Дональд Трамптың іс-әрекетінде де, сөзінде де өзгеріс байқалады. Бұған дейін оны сөзінде тұрақ жоқ, күніне сан құбылып отырады, ісінің бәрі шала деп сыбап жататын. Расында, алақ-жұлақ етіп қалған, тапырақтап тұратын адам сияқты әсер қалдыратын. Соңғы уақытта өзін басқашалау ұстап жүргені бірден көзге ұрады. Ал бұл жақсы өзгеріс деуге болар.
Иранмен қандай да бір келісімге келемін деп көп уақыт жоғалтқаны Трамптың жанына батты. Енді ол ешқандай келісімнің керегі жоқ деп әскери күш қолдана бастады. Иран да қарап отырған жоқ, ол да АҚШ-тың сол маңдағы әскери базаларына соққа жасап жатыр. Енді өршеленген Трамп Иранның әскери нысандары мен инфрақұрылымынан түк қоймаймын дейді. Жойқын атқылау жасағанда оқтұмсықтарының едәуір бөлігі шығын болды. Орнына тағы да оқтұмсықтарды жеткізсе керек. Трамп Иран мәселесін күшпен тезірек шешуге бел байлағаны көрініп тұр. Себебі Иран оны қатты шаршатты.
Жақында Трамп Түркияға НАТО-ның саммитіне барды. Көңіл-күйі болмай барды. Себебі Түркияға таяу жатқан Иран өзімді атып өлтіруі немесе ұшағымды өзіммен қоса жарып жіберуі мүмкін деген уайыммен барды. Сол үшін «Егер ататын болсаңдар үстеріңнен ауыр ракета тастатып құртып жіберемін» деп ескертті. Ал қайтарында ұшақ ауыстырып ұшып кетті деп жатыр.
Бұған дейін Трамп айналасындағыларды тыңдай бермей, өзбілермендікке салатын еді. Қазіргі уақытта жанындағы орынбасарлары мен көмекшілерін тыңдайтын, барлау қызметінің баяндамаларына деп қоятын болыпты. Бұрын Украинаға қырын қарап келген болса, кешегі НАТО-ның саммитіне барғанда күрт өзгеріп, Украинаны біраз жарылқап тастады. Енді ол Ресейге қарын қарауға көшті. Украинаға қолдау білдірді, әуе қорғанысын жақсартатынын, Пэтриот ракеталарын өздерінде өндіруге лицензия беретінін айтты. Ресей билігі мұны қалай қабылдарын білмей дал болып отыр. Еуропа елдері мен Украина лицензияны берудің жолы мен құжатталуы АҚШ-та созылып кетпес деп үміттеніп отыр. Жалпы, Украина президенті Владимир Зеленский НАТО саммитінен өте олжалы оралды. АҚШ Украинаны арқадан қағып, жігерлендірді, көмегін беретінін білдірді. Ал Еуропа елдері биыл мен келесі жылға арнап 70 миллиард евро бөлді. Украина үшін қазір ең керегі әуе қорғанысын мықтылау. Ол үшін Пэтриот қондырғысына салынатын ракеталар керек. Ондай ракеталарды Украина әзірге Америкадан Еуропа елдерінің ақшасына сатып алуы мүмкін.
Бір қызығы, Дональд Трамп Түркиядағы саммиттен Америкаға оралғаннан кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен телефон арқылы сөйлесті. Ал оның қоңырауын Ресей билігі тағатсыздана күтуде. Әзірге Ресейге телефон шалған жоқ.
Негізінен, Трамптың денсаулығы жайлы сөз көп. Оның кейде оқыс шешімдерді қабылдап, соңынан пүшайман болып жүретінін әдетте денсаулығымен байланыцстырып жатады. Ол сексендегі қарт. Былтыр Американың ақпарат құралдары Трамптың денсаулығы нашарлады деп жазды. Ақпарат құралдары оның жиналыстарда ұйықтап отыратынын, аяқтары ісініп, баяу адымдайтынын, алақанының сыртында көкпеңбек дақ пайда болатынын келтірген.
Осыдан екі күн бұрын Трамп өзінің денсаулығы жайлы айтты. Сөзіне қарағанда, денсаулығым өте жақсы, жағдайым қырықтағы қылшылдаған жігіттің жағдайындай дегенге келтіреді. Бірер күн бұрын ол Американың Ұлттық әскери-медициналық орталығында толық медициналық тексеруден өтіпті. Негізі әр жарты жылда бір тексеріліп тұрады екен.
Осы жолы «Менен конгнитивті тест алыңдар» деп өзі сұраныпты. Мұндай тестіні бұған дейін әр кезеңде екі рет тапсырғанын да айтты. «Мен конгнитивті тестінің барлық талаптарын беске тапсырдым. Барлық сұрақтарға дұрыс жауап бердім. Вашингтонда мұндай жоғары нәтиже көрсететіндер көп емес» деді Трамп.
Конгнитивті тест деген не дегенге келсек, мұнда мидың жұмыс істеу қабылеті, есте сақтау, назар салу, ойлау жылдамдығы, ақылдың логикасы, шешім қабылдау тездігі мен дер сәтінде қорытынды жасай алатыны немесе қорытынды мен шешімге енжарлығы тексеріледі. Конгнитивті тестіні алғанда осының бәрін сұрақтарды қою арқылы нақты айқындайтын тәсіл екен.
Материал авторы