«NURORDA» мектеп-лицейінің оқушысы әлемдік физика олимпиадасында ел тарихын жаңартты
Нұргүл Егембергенова халықаралық физика олимпиадасының алтынын алған алғашқы қазақ қызы атанды.
«NURORDA» мектеп-лицейінің оқушысы Нұргүл Егембергенова Қазақстан ғылымы мен білімі тарихындағы тағы бір маңызды жетістікке қол жеткізді. Ол International Physics Olympiad (IPhO) халықаралық физика олимпиадасында алтын медаль жеңіп алып, осы беделді жарыстың алтын жүлдесін иеленген алғашқы қазақ қызы атанды.
Нұргүл бұған дейін де халықаралық деңгейдегі жетістіктерімен танылған болатын. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, Мемлекет басшысының қолынан арнайы сертификат алған. Сонымен қатар әлемдегі жетекші жоғары оқу орны саналатын Массачусетс технологиялық институтына (MIT) оқуға қабылданған.
Биыл Қазақстан құрамасы физика пәні бойынша әлемдегі ең беделді зияткерлік жарыстардың бірі саналатын IPhO олимпиадасында тарихи нәтиже көрсетті. Ұлттық құраманың барлық бес мүшесі де алтын медаль жеңіп алып, ел тарихындағы ең үздік көрсеткішті тіркеді.

Нұргүл Егембергенованың халықаралық білім беру кеңістігіндегі жетістіктері мұнымен шектелмейді. Биыл MIT университетіне 29 мыңнан астам талапкер құжат тапсырғанымен, олардың небәрі 4–5 пайызы ғана қабылданды. Ал халықаралық талапкерлер үшін қабылдау көрсеткіші шамамен 2 пайызды құрады. Осындай қатаң іріктеуден сүрінбей өткен қазақстандық оқушы әлемнің үздік университеттерінің біріне студент атанды.
Бұдан бөлек, ол әлемнің ТОП-100 университеттері қатарына кіретін тағы бес жетекші жоғары оқу орнынан шақырту алған. Атап айтқанда, University of British Columbia (Канада), Hong Kong University of Science and Technology (Гонконг), École Polytechnique (Франция), KAIST (Оңтүстік Корея) және University of Warwick(Ұлыбритания) Нұргүлге оқу ұсынған.
Дарынды оқушының ғылым мен білім саласындағы табыстары мемлекет деңгейінде де жоғары бағаланып келеді. Ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, арнайы сертификатқа ие болған.