1827

Еуропадағы аптап ыстықтан 10 мыңнан астам адам қайтыс болды

Франция мен Бельгияда маусымның соңғы аптасында өлім-жітім ерекше жоғары деңгейге жетті.

Еуропадағы аптап ыстықтан 10 мыңнан астам адам қайтыс болды
Matthieu RONDEL / BLOOMBERG

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, маусым айының соңында Еуропаны шарпыған аптап ыстық салдарынан 10 мыңнан астам адам мезгілсіз қайтыс болды. Қаза тапқандардың басым бөлігі – 65 жастан асқан тұрғындар.

Еуропалық аурулардың алдын алу және бақылау орталығы (ECDC) мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) қолдауымен жұмыс істейтін EuroMOMO өлім-жітімді бақылау бағдарламасының мәліметіне сәйкес, аптап ыстықтың салдарынан тіркелген артық өлім саны 10 мыңнан асты.

Зерттеу нәтижесі бойынша, қайтыс болғандардың 9 мыңнан астамы – 65 жастан асқан адамдар. Мамандардың айтуынша, ауа температурасының күрт көтерілуі тек күн өтуді ғана емес, жүрек-қан тамыры және тыныс алу жүйесі ауруларының асқынуын да тудырады. Мұндай қауіпке егде жастағылар көбірек ұшырайды.

Зерттеу барысында Еуропаның 27 елінің ұлттық статистикасы талданған. Жекелеген мемлекеттер бойынша нақты көрсеткіштер жарияланбағанымен, маусымның соңғы аптасында өлім-жітімнің ерекше жоғары деңгейі Франция мен Бельгияда тіркелгені атап өтілді.

Сонымен қатар басқа зерттеулер де аптаптың ауыр зардаптарын көрсетіп отыр.

Германиядағы Роберт Кох институтының (RKI) бағалауынша, маусым айының соңына дейін елде шамамен 5 100 адам аптап ыстықтың салдарынан көз жұмған. Оның ішінде 4 310 адам тек 22–28 маусым аралығындағы ең ыстық аптада қайтыс болған. Құрбандардың 80 пайыздан астамы – 75 жастан асқан азаматтар. Сондай-ақ көз жұмғандардың арасында әйелдер саны ерлерге қарағанда көбірек болған. Сарапшылар мұны егде жастағы әйелдердің үлесі жоғары екенімен түсіндіреді.

Ал Ұлыбританияда жүргізілген бірлескен зерттеу Англия мен Уэльсте маусым айының соңындағы аптап ыстықтан шамамен 2 700 адамның қайтыс болғанын көрсетті.

Сол ғылыми топтың есебіне сәйкес, Еуропаның 12 ірі қаласында аптап ыстық 2 300-ге жуық адамның өмірін қиған. Ең көп өлім-жітім Милан, Париж және Барселона қалаларында тіркелген. 

Материал авторы