Шығыс Қазақстанда үй өртеніп, ерлі-зайыпты көз жұмды
Үй иесі өрттен өз күшімен шыққанымен, түтінге уланып көз жұмды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шығыс Қазақстан облысында жекеменшік тұрғын үйден шыққан өрт екі адамның өмірін қиды. Қайғылы оқиға Глубокое ауданына қарасты Уварово ауылында болды.
Ведомствоның мәліметінше, Орталық көшесіндегі тұрғын үйде өрт шыққан. Өрт сөндірушілер жеткенге дейін 1948 жылы туған үй иесі жалын шарпыған баспанадан өз күшімен шығып үлгерген. Алайда ол түтінге уланып қалған.
Оқиға орнына келген Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері ер адамға шұғыл реанимациялық көмек көрсеткенімен, оның өмірін аман алып қалу мүмкін болмаған.
Өртті сөндіру барысында құтқарушылар үй ішінен 1953 жылы туған жұбайының мәйітін тапқан.
Өрт 80 шаршы метр аумақты шарпыған. Жалын толық сөндірілді. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Материал авторы