885

«Астана» – «Ақтөбе» матчындағы жанкүйердің әрекеті әлеуметтік желіде сынға ұшырады

Көрерменнің трибунадағы әрекеті әлеуметтік желіде кеңінен талқыланып, көпшіліктің сынына ұшырады.

«Астана» – «Ақтөбе» матчындағы жанкүйердің әрекеті әлеуметтік желіде сынға ұшырады
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, «Астана» мен «Ақтөбе» арасындағы футбол матчында трибунадағы көрермендердің бірі өзін дөрекі ұстады деген шағым әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті.

Оқиға «Астана Арена» стадионында өткен Қазақстан Премьер-лигасының 17-туры аясындағы кездесуде болған. Матчқа келген көрермендердің бірі Threads желісінде жанкүйердің мәдениетсіз әрекетіне наразылығын білдірді.

«Адамға аяғын түсіруді сыпайы түрде айтсаң да түсінбесе не істеу керек? "Астана" – "Ақтөбе" матчы, "Астана Арена"», – деп жазды қолданушы.

Жазбаға тіркелген бейнежазбада ер адамның аяқ киімін шешіп, жалаңаяқ күйінде аяғын алдыңғы орындықтың арқалығына қойып отырғаны көрінеді. Бұл жағдай әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын тудырды.

Пікір білдірушілердің басым бөлігі мұндай әрекетті мәдениетсіздік әрі өзгеге деген құрметсіздік деп бағалады.

Кейбір қолданушылар мұндай жағдайда стадионның қауіпсіздік қызметіне бірден хабарлау қажет екенін айтты. Олардың пікірінше, қоғамдық орында тәртіп бұзған адамға ескерту жасап қана қоймай, қажет болса трибунадан шығарған жөн.

Тағы бір желі қолданушысы қоғамдық көлікте осындай жағдайға тап болғанын айтып, ескерту жасағанымен, жолаушы аяғын алмағандықтан басқа орынға ауысуға мәжбүр болғанын жеткізді.

Еске салайық, 2026 жылғы 12 шілдеде өткен Қазақстан Премьер-лигасының 17-туры аясындағы матчта «Астана» өз алаңында «Ақтөбені» 3:2 есебімен жеңген болатын.

Сондай-ақ бұған дейін Астанада бельгиялық «Брюгге» клубының бірнеше жанкүйері матчтан кейін қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін бес тәулікке әкімшілік қамауға алынған еді. 

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор