Алматыда 14 жастағы оқушыны алдап, iPhone-ын алып кеткен күдіктілер ұсталды
Ұрланған iPhone кейіннен әйел адамның қолынан табылып, заттай дәлел ретінде тәркіленді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда 14 жастағы мектеп оқушысы бейтаныс адамдармен кездескеннен кейін қымбат iPhone смартфонынан айырылды. Полиция телефонды жымқырды деген күдікпен екі кәмелетке толмаған жасөспірімді және оларға қашуға көмектесті делінген ересек азаматты ұстады.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға Бостандық ауданында болған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, екі жасөспірім алдау жолымен 14 жастағы оқушының смартфонын иемденіп, оқиға орнынан ізін суытқан.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктілердің жеке басын қысқа мерзімде анықтап, оларды қолға түсірді. Анықталғандай, екеуі де кәмелетке толмаған.
Тергеу мәліметінше, қылмыс жасалғаннан кейін күдіктілерге ізін жасыруға кәмелетке толған ер адам көмектескен. Ол да ұсталып, тергеуге жеткізілді.
Сондай-ақ полицейлер кейіннен ұрланған iPhone табылған әйелдің де жеке басын анықтады. Тәркіленген смартфон қылмыстық іс материалдарына заттай дәлел ретінде тіркелді. Қазіргі уақытта аталған іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Материал авторы