Meta Instagram-дағы даулы ЖИ функциясын үш күннен кейін тоқтатты

Пайдаланушылардың ашық фотосуреттерін рұқсатсыз өңдеуге мүмкіндік берген функция жаппай сыннан кейін небәрі үш күнде тоқтатылды.

Meta Instagram-дағы даулы ЖИ функциясын үш күннен кейін тоқтатты
REUTERS/Dado Ruvic

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Meta компаниясы Instagram желісіндегі адамдардың фотосуреттері негізінде жасанды интеллект арқылы жаңа бейнелер жасауға мүмкіндік берген даулы функцияны алып тастайтынын мәлімдеді. Бұл шешім Голливуд кәсіподақтары, ірі агенттіктер мен блогерлердің жаппай сынынан кейін қабылданды. Бұл туралы Variety басылымы жазды.

Әңгіме Instagram-ға арналған Muse Image жасанды интеллект құралы туралы болып отыр. Функция іске қосылғаннан кейін небәрі үш күн өткен соң тоқтатылды.

Жаңа мүмкіндік пайдаланушыларға Meta AI чат-ботында @ белгісі арқылы кез келген ашық Instagram-парақшасын көрсетуге жол ашқан. Алгоритм сол адамның ашық жарияланған фотосуреттерін пайдаланып, өңделген портреттер мен дипфейк бейнелерін жасай алған.

Даудың басты себебі – пайдаланушылардың келісімі мәселесі болды. Бұл мүмкіндік барлық кәмелетке толған ашық аккаунт иелері үшін әдепкі түрде автоматты түрде қосылған. Соның салдарынан адамдар өз бейнесі жасанды интеллект арқылы өңделіп жатқанын білмеуі де мүмкін еді, өйткені жүйе бұл туралы ешқандай хабарлама жібермеген. Құпиялылықты сақтау үшін пайдаланушылар функцияны баптаулар арқылы өздері өшіруге тиіс болған.

Жаңашылдыққа қарсы SAG-AFTRA актерлер кәсіподағы мен Creative Artists Agency (CAA) агенттігі ашық түрде наразылық білдірді.

Олардың пікірінше, ешкімнің сырт келбетін, аты-жөнін немесе дауысын нейрожелілерді оқытуға не цифрлық контент жасауға нақты әрі құжатпен рәсімделген келісімсіз пайдалануға болмайды. Сондай-ақ CAA компаниясы Meta-ны жеке деректерді қорғауды негізгі қағидаға айналдыруға шақырды.

Meta компаниясының ресми өкілі әзірлеушілер қауымдастыққа шығармашылыққа арналған пайдалы құрал ұсынуды көздегенін, алайда айтылған сын-ескертпелерді мойындайтынын мәлімдеді.

Компания бұл функция сәтсіз болғанын мойындап, оны Instagram қосымшасынан толық алып тастағанын хабарлады.

Ал SAG-AFTRA өкілдері мұны контент жасаушылардың рұқсатсыз цифрлық көшірмелеуге қарсы күрестегі маңызды жеңісі әрі жауапты шешім деп бағалады. 

Материал авторы