TikTok Қазақстанда үш ай ішінде 1,2 миллионнан астам видеоны жойды

TikTok мәліметінше, Қазақстанда ереже бұзған бейнероликтердің басым бөлігі пайдаланушылар шағымданбай тұрып автоматты түрде анықталған.

TikTok Қазақстанда үш ай ішінде 1,2 миллионнан астам видеоны жойды
Getty Images

TikTok 2026 жылдың алғашқы тоқсанындағы Қауымдастық ережелерінің сақталуы туралы есебін жариялады. Құжатта платформа пайдаланушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заңсыз контентті анықтау және модерациялау жүйесін жетілдіру бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесін ұсынды.

Компанияның мәліметінше, Қазақстандағы қауіпсіз цифрлық ортаны қалыптастыру TikTok үшін басты басымдықтардың бірі болып қала береді.

Есепке сәйкес, 2026 жылдың қаңтар-наурыз айлары аралығында Қазақстанда Қауымдастық ережелерін бұзғаны үшін 1,28 миллион бейнеролик жойылған.

Жойылған видеолардың 99,4 пайызы пайдаланушылардан шағым түспей тұрып, платформаның автоматты бақылау жүйелері арқылы анықталып, өшірілген.

Ал ережеге қайшы келген контенттің 95,6 пайызы жарияланғаннан кейінгі алғашқы 24 сағат ішінде платформадан алынып тасталған.

Әлемдік көрсеткіштер де жоғары деңгейде қалып отыр. Есепті кезеңде TikTok бүкіл әлем бойынша 184 миллионнан астам бейнероликті жойған.

Олардың 99,3 пайызы пайдаланушылардың шағымын күтпей-ақ анықталса, 94,4 пайызы жарияланған алғашқы тәулікте өшірілген.

Айта кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда TikTok Қауымдастық ережелерін бұзған 5,5 миллионнан астам видеоны жойған болатын.

Компания 2026 жылы контентті модерациялау жүйесін одан әрі жетілдіруді жалғастырып жатыр. Соның ішінде жасанды интеллектіні пайдалану ауқымы кеңейтілуде.

Биыл алғаш рет есепке жасанды интеллектінің көмегімен автоматты түрде жойылған бейнероликтер туралы деректер енгізілді. Қазіргі таңда автоматтандырылған жүйелер, оның ішінде жасанды интеллект технологиялары, платформадағы барлық контентті жою әрекеттерінің 96 пайыздан астамын қамтамасыз етеді. Бұл талапқа қайшы жарияланымдарды әлдеқайда жылдам анықтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар TikTok тікелей эфирлердің қауіпсіздігін күшейту бағытындағы жұмыстарын жалғастырып келеді.

2026 жылдың алғашқы тоқсанында платформа әлем бойынша 50,8 миллион тікелей эфирді тоқтатқан.

Бұдан бөлек, LIVE трансляцияларында табыс табу жүйесінің әділ жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін монетизация талаптары да қатаңдатылуда.

Есепті кезеңнің қорытындысы бойынша TikTok талаптарын бұзғаны үшін 58,2 миллионнан астам тікелей эфирге қатысты авторларға ескерту жасап немесе олардың монетизация құралдарын пайдалану мүмкіндігін шектеген.