1010

Еуроодақ пен Ұлыбритания Ресей билігіне қатысты хакерлерге санкция салды

Брюссель Ресеймен байланыстырылған хакерлік топтарды Еуропадағы мемлекеттік мекемелер мен маңызды инфрақұрылымға жасалған шабуылдарға жауапты деп отыр.

Еуроодақ пен Ұлыбритания Ресей билігіне қатысты хакерлерге санкция салды
Getty Images

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Еуроодақ Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметіне (ФҚҚ) қарасты 16-орталықты алғаш рет ресми түрде Turla хакерлік тобының үйлестірушісі деп атап, кибершабуылдарға қатысы бар тоғыз адам мен төрт ұйымға санкция енгізді. Осындай шектеу шараларын Ұлыбритания да қабылдады. 

Еуроодақ кеңесінің 13 шілдеде жариялаған мәлімдемесінде Ресейдің мемлекеттік құрылымдар мен мемлекеттік емес ұйымдарды біріктіретін киберэкожүйені пайдаланып отырғаны сынға алынды. Брюссельдің мәліметінше, оған арнайы қызметтер, хакерлік топтар, өзін «хактивист» деп атайтын ұйымдар және жекеменшік компаниялар кіреді.

Еуроодақтың мәлімдеуінше, Ресей ФҚҚ-сының 16-орталығы Turla бастаған бірнеше хакерлік топтың қызметін үйлестіреді. Брюссельдің бағалауынша, бұл құрылым ұзақ жылдар бойы Еуроодақ елдеріне, олардың серіктестеріне және Украинаға қарсы түрлі деңгейдегі кибероперациялар жүргізген.

Мәлімдемеде хакерлік шабуылдар мемлекеттік мекемелердің желілеріне заңсыз ену, сондай-ақ аса маңызды инфрақұрылымға қарсы диверсиялық әрекеттерді қамтығаны айтылған.

Шабуылға ұшыраған елдердің қатарында Франция, Германия, Польша, Кипр, Нидерланд, Австрия, Словакия, Румыния және Финляндия бар.

Еуроодақтың мәліметінше, Францияда аталған құрылым 2010 жылдан бері стратегиялық мемлекеттік мекемелерге қарсы кибертыңшылық жүргізген. Ал 2025 жылдан бастап қорғаныс өнеркәсібіне бағытталған шабуылдар тіркелген.

Германияда хакерлердің нысанасына мемлекеттік органдар ілінсе, Польшада жылу электр станцияларын қоса алғанда, маңызды инфрақұрылымға қарсы диверсиялық әрекеттер жасалғаны хабарланды.

Осыған байланысты Еуроодақ кибершабуылдарға қатысы бар деп танылған тоғыз жеке тұлға мен төрт ұйымғашектеу шараларын енгізді. Санкция тізіміне Ресейдің Бас барлау басқармасының (ГРУ) офицерлері, хакерлер, өзін «хактивист» деп атайтын тұлғалар және Ресейдің әрекеттеріне қолдау көрсетті деп есептелетін бірқатар компаниялар енгізілген.

Брюссель бұл мәселеде Ұлыбританиямен тығыз үйлестіру жүргізілгенін атап өтті. Сонымен қатар Еуроодақ НАТО және өзге халықаралық серіктестермен киберқауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты жалғастыратынын мәлімдеді.

Еуроодақ барлық мемлекеттер, соның ішінде Ресей де, БҰҰ-ның киберкеңістіктегі жауапты мінез-құлық қағидаттарын және халықаралық құқық нормаларын сақтауға тиіс екенін атап өтті.

Сонымен бірге Ұлыбритания да Ресейге қатысты жаңа санкциялар жариялады.

Ұлыбританияның Сыртқы істер министрлігі санкциялық тізімге 24 жеке және заңды тұлғаның енгізілгенін хабарлады.

Ведомствоның мәлімдеуінше, Ресей мемлекеті мен онымен байланыстырылған қылмыстық желілер Еуропадағы кибершабуылдарға, сайлауға араласуға және Украинаға қарсы ақпараттық науқандарды таратуға қатысы бар деп есептеледі.

Осы оқиғалар аясында Германияның Сыртқы істер министрлігі Ресейдің Берлиндегі елшісін кибершабуылдарға байланысты түсініктеме беру үшін ведомствоға шақырған. 

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор