1128

Динара Сәтжан болашақ келініне сырға салды

Динара Сәтжан бірнеше жылдан бері танитын Айнұрды ұлына лайық өмірлік серік деп бағалайтынын айтты.

Динара Сәтжан болашақ келініне сырға салды
instagram.com/dinarasatzhan

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, тележүргізуші әрі кәсіпкер Динара Сәтжан отбасындағы қуанышты жаңалығын жариялады. Оның ұлы Даниал сүйіктісі Айнұрға сөз салып, екі әулет қазақтың дәстүрімен сырға салу рәсімін өткізді.  

Тележүргізуші ерекше сәттен түсірілген бейнежазбаны әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

«Қуанышты бөліссең, көбейеді» деген қазақы тәмсілді еске алған Динара Сәтжан бүгін болашақ келініне сырға салынғанын айтып, қуанышын оқырмандарымен бөлісті.

Оның сөзінше, Айнұрды бірнеше жылдан бері жақсы таниды. Осы уақыт ішінде ұлының өмірлік жар таңдауда қателеспегеніне көзі жеткен.

Динара Сәтжан әсіресе Даниал әскерде жүрген кезде Айнұрмен жиі араласқанын айтып, сол уақытта оның адамгершілігіне, сабырлылығы мен мінезіне тәнті болғанын жеткізді.

Ол Айнұрдың ұлына тек сүйікті жар ғана емес, өмірлік серік әрі сенімді тірек болатынына сенетінін айтты.

Тележүргізуші сырға салу рәсімін қазақ халқының мәні терең, тағылымы мол дәстүрлерінің бірі деп бағалады. Оның айтуынша, бұл салт қыздың болашақ келін ретінде ресми қабылдануын және екі жастың жаңа өмірге қадам басуын білдіреді.

Сондай-ақ ол болашақ құдаларымен жүздесіп, үлкендердің ақ батасын алғандарын ерекше атап өтті.

Қазір екі әулет алдағы үйлену тойына дайындықты бастап кеткен.

Динара Сәтжан ана ретінде той алдындағы жауапкершілік пен толқынысты сезінетінін жасырмады. Соған қарамастан, жақындарының қолдауының арқасында той қамын көтеріңкі көңіл күймен бастап кеткенін айтты.

Желі қолданушылары тележүргізушінің қуанышына ортақтасып, жас жұбайларға ақ тілектерін жаудырды. Көпшілік болашақ келіннің сұлулығына тәнті болып, қос жасқа бақыт тіледі.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор