862

Жаркентте мектеп аумағында тоққа түскен 10 жасар қыз көз жұмды

Құлыпталмаған трансформатор қайғылы оқиғаға себеп болған көрінеді.

Жаркентте мектеп аумағында тоққа түскен 10 жасар қыз көз жұмды
Tengrinews.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жетісу облысының Жаркент қаласында мектеп аумағында болған қайғылы оқиға салдарынан бесінші сынып оқушысы электр тогынан қаза тапты. Алдын ала мәлімет бойынша, ойын кезінде қыз құлыпталмаған трансформаторлық қосалқы станцияға кіріп кеткен. Бұл туралы 24KZ телеарнасы мәлімдеді.

Қайғылы оқиға 9 шілде күні болған. Ал келесі күні мектеп оқушысы 10 жасқа толуы тиіс еді.

Жетісу облысы полиция департаментінің мәліметінше, баланың қазасына байланысты қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау немесе қызмет көрсету фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

Қазір оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ тергеу барысында нысанды пайдалану мен оның қауіпсіздігіне жауапты лауазымды тұлғалардың жауапкершілік деңгейі анықталмақ.

Бұдан бөлек, құқық қорғау органдары мұндай қайғылы жағдайлардың қайталануына жол бермеу үшін анықталған заңбұзушылықтар мен қауіпсіздік талаптарының кемшіліктерін жою жөнінде уәкілетті мемлекеттік органдарға нұсқама жолдаған.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор