«Өлтіреміз деді»: Әлем чемпионатынан жеңілген футболшы із-түзсіз жоғалып кетті
Әлеуметтік желідегі қауіп-қатерден кейін ойыншы еліне оралудан қорқып, жоғалып кеткен.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатынан кейін Колумбия құрамасының ойыншысы Хаминтон Кампас әлеуметтік желілерде жаппай қоқан-лоқыға ұшырап, қауіпсіздігіне алаңдап, ұлттық құрамамен бірге еліне оралудан бас тартты. Бұл туралы спорттық басылымдар хабарлады.
Колумбия құрамасы әлем чемпионатының 1/8 финалында Швейцариядан жеңіліп, турнирмен қоштасты. Негізгі және қосымша уақытта есеп ашылмай, ширек финал жолдамасының иесі пенальти сериясында анықталды. Бұл сында швейцариялықтар басым түсті.
Кездесудің ең маңызды сәттерінің бірі 115-минутта болды. Хаминтон Кампас командасына жеңіс сыйлауға мүмкіндік алғанымен, қақпаны дәл көздей алмады.
Ойыннан кейін жанкүйерлердің бір бөлігі дәл осы эпизодты жеңілістің басты себебі деп бағалап, футболшыны әлеуметтік желілерде қатаң сынның астына алды.
Оңтүстік америкалық БАҚ мәліметінше, турнир аяқталған соң Кампас ұлттық құрамамен бірге Ванкуверден Боготаға ұшуы тиіс болған. Алайда ол рейске мінбеген. Бұған футболшы мен оның отбасының әлеуметтік желілер арқылы көптеген қоқан-лоқы хабарламаларын ала бастауы себеп болғаны айтылады.
Осыдан кейін ойыншы әлеуметтік желідегі парақшаларындағы пікір қалдыру мүмкіндігін жауып, Колумбияға оралмау туралы шешім қабылдаған. Кейбір мәліметтерге қарағанда, ол Солтүстік Америкада қалған немесе өзі өнер көрсететін Аргентинаның «Росарио Сентраль» клубына тікелей барған.
Кейін Кампас жанкүйерлерге үндеу жасап, көңіл күйін жеткізді.
«Көңіліміз қалып, мұңайғанымыз рас. Бірақ ешқандай жанкүйерлік сезім өшпенділік пен қорқынышта өмір сүруге себеп болмауы керек. Бала кезімнен Колумбия намысын қорғап, әлем чемпионатында ойнауды армандадым. Бұл сәттер өмір бойы жадымда қалады», – деді футболшы.
Колумбия футбол федерациясы ойыншы мен оның жақындарына бағытталған қоқан-лоқыны қатаң айыптады.
Ұйымның мәлімдеуінше, алаңдағы нәтиже үшін ешбір спортшы қорқыту мен қудалауға ұшырамауы тиіс. Сондай-ақ федерация елдің Бас прокуратурасына ресми түрде жүгініп, қоқан-лоқы жасаған адамдарды анықтап, оларды заң аясында жауапқа тартуды сұрады. Федерация футбол адамдарды біріктіруі керек екенін, ал спорттың өшпенділік пен зорлық-зомбылыққа себеп болмауы тиіс екенін атап өтті.
Бұл оқиға Колумбия қоғамында ерекше резонанс туғызды. Себебі ел тарихында әлем чемпионатынан кейін орын алған қайғылы жағдай әлі күнге дейін ұмытылған жоқ.
1994 жылғы әлем чемпионатынан кейін АҚШ-пен кездесуде автогол соққан Колумбия құрамасының қорғаушысы Андрес Эскобар қастандықпен өлтірілген болатын.
Ол оқиғаның себептері әлдеқайда күрделі болғанымен, Эскобардың тағдыры спорттағы агрессияның қаншалықты қауіпті салдарға әкелуі мүмкін екенін көрсететін символға айналды.
Сондықтан қазіргі жағдайға Колумбия футбол федерациясы ерекше мән беріп, жанкүйерлерді спортшыларға қарсы қоқан-лоқы мен зорлық-зомбылыққа жол бермеуге шақырды.
Материал авторы