2057

2,5 миллион адам Аргентинаны әлем чемпионатынан шеттетуді талап етті

Петиция авторлары FIFA мен төрешілер Лионель Мессиге артықшылық беріп отыр дейді.

2,5 миллион адам Аргентинаны әлем чемпионатынан шеттетуді талап етті
REUTERS/Amanda Perobelli

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, интернетте Аргентина ұлттық құрамасын 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатынан шеттетуді талап еткен бейресми петиция кеңінен таралып жатыр. Қазіргі уақытта оған 2,5 миллионнан астам адам қол қойған.

Науқан үшін Argentina Out атты жеке сайт ашылған. Алайда оның FIFA-ға немесе қандай да бір ұлттық футбол федерациясына қатысы жоқ.

Петиция авторлары FIFA мен матч төрешілері Аргентина құрамасының капитаны Лионель Мессиге ерекше қолдау көрсетіп, командаға маңызды кездесулерде артықшылық береді деп мәлімдейді.

Петиция мәтінінде:

«FIFA мен төрешілердің Лионель Месси мен Аргентинаға бүйрегі бұратыны анық. Егер жеңімпаз алдын ала белгілі болса, қалған командалардың турнирге қатысуының мәні қандай? Аргентинаны әлем чемпионатынан шеттетіп, өзге құрамаларға әділ мүмкіндік беріңіздер», – делінген.

Науқанға плей-офф кезеңіндегі төрешілер шешімдері төңірегіндегі дау түрткі болған. Аргентинадан жеңілгеннен кейін Мысыр мен Швейцария құрамалары бірқатар төрешілік шешімдерге наразылық білдірді.

Атап айтқанда, Мысыр футбол қауымдастығының президенті Хани Абу Рида 1/8 финалдағы матчтағы бірнеше даулы эпизодқа, соның ішінде есепке алынбаған гол мен белгіленбеді деп есептелетін пенальтиге қатысты тәуелсіз тексеру жүргізуді талап етті.

Айта кетейік, аталған петицияның заңды күші жоқ және ол FIFA-ның ресми бастамасы болып саналмайды. Қазіргі уақытта халықаралық футбол ұйымы бұл бастамаға қатысты ресми пікір білдірген жоқ.

Материал авторы