«Суицид жасамақ болды»: Астанада өтірік офицер қызды интим видеомен бопсалаған
Ер адам қызды басқа адамдармен де қатынасқа түсуге мәжбүрлеген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада 18 жастағы бойжеткен интимдік бейнежазба арқылы жасалған бопсалаудан кейін өзіне қол жұмсамақ болған. Оның өмірін туыстары дер кезінде араласып, аман алып қалған. Бұл туралы адвокат Дамир Ишмаметов жазды.
Адвокаттың айтуынша, оқиға 2025 жылдың соңында басталған. Бойжеткен әлеуметтік желіде өзін Мемлекеттік күзет қызметінің офицері ретінде таныстырған жігітпен танысқан. Екеуінің арасында жақын қарым-қатынас орнаған.
Кейін жігіт қызды үйіне шақырып, ішімдік берген. Осыдан кейін бойжеткен есінен танып қалғанын, ал оянғанда ешқандай күмән тудырмағанын айтқан. Алайда арада біраз уақыт өткен соң жігіт WhatsApp арқылы оның жалаңаш күйде түсірілген бейнежазбасын жіберіп, оны әкесіне тарататынын айтып қорқыта бастаған.
Адвокаттың мәліметінше, күдікті қыздан өзімен жыныстық қатынасқа түсуді талап етіп қана қоймай, өзге ер адамдармен де жақын қатынасқа баруын талап еткен.
Осыдан кейін бойжеткен полицияға жүгінген. Алайда адвокаттың сөзінше, Қылмыстық кодекстің 123-бабы (жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу) жеке айыптау санатына жататындықтан, жәбірленуші сотқа өзі жүгініп, айыпты дәлелдеуге мәжбүр болған.
Тарап сотқа хат алмасуларды, телефон қоңырауларын және нотариалды түрде рәсімделген дәлелдерді ұсынған.
Сот барысында айыпталушы кінәсін толық мойындап, өкінетінін мәлімдеген. Сондай-ақ оның Мемлекеттік күзет қызметінің офицері емес, әуежайдың қауіпсіздік қызметінде жұмыс істейтіні анықталған.
Адвокаттың айтуынша, қолданыстағы заң бойынша бұл баптағы жаза айыппұлмен шектелуі мүмкін болғандықтан, тараптар моральдық шығынды өтеу туралы келісімге келген. Айыпталушы өтемақы төлеп, жәбірленушімен татуласқаннан кейін сот істі тоқтатқан.
Дамир Ишмаметов мұндай істерге қатысты Қылмыстық кодекстің 123-бабын қатаңдату қажет деп санайды. Оның пікірінше, жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу әрекеті ауыр қылмыс ретінде қарастырылып, оған көзделген жауапкершілік күшейтілуі тиіс.
Материал авторы