Абай облысында 20 жастағы қызды пышақтап кетті
Полицияның мәліметінше, күдікті қылмыс болғаннан кейін көп ұзамай ұсталған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Абай облысының Бородулиха ауылында 20 жастағы қыздың қатыгездікпен өлтірілу фактісі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Денесінде пышақ жарақаттары бар бойжеткеннің мәйіті 13 шілде күні таңертең жеке тұрғын үйлердің бірінің маңынан табылған.
Қайғылы оқиға туралы ақпарат алғашында Instagram желісіндегі p_zhezkent2 парақшасында жарияланып, кейін оны Абай облыстық полиция департаменті растады.
Ведомствоның мәліметінше, 13 шілде күні таңғы сағат 06:00 шамасында ауыл тұрғыны өз үйінің жанынан зорлық-зомбылық белгілері бар жас қыздың мәйітін байқап, бірден полицияға хабарлаған.
Аталған дерек бойынша кісі өлтіру фактісімен қылмыстық іс қозғалды.
Полиция қызметкерлері жедел іздестіру шаралары барысында күдіктіні көп ұзамай анықтап, ұстаған. Ол – ауданның 20 жастағы тұрғыны. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Тергеудің алдын ала мәліметіне сәйкес, күдікті мен қаза тапқан қыз бір-бірін бұрыннан таныған. Олардың арасында жеке бас араздығынан жанжал туындап, соңы қайғылы жағдаймен аяқталған болуы мүмкін.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Материал авторы