1928

Қазақстанды «тұрмыстық зорлық-зомбылықтың эпицентрі» деген Варламов сынға жауап берді

Блогер жұртты тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне назар аударуға шақырды.

Қазақстанды «тұрмыстық зорлық-зомбылықтың эпицентрі» деген Варламов сынға жауап берді
varlamov/Instagram

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, ресейлік блогер Илья Варламов Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне арналған фильмінен кейін әлеуметтік желілерде айтылған сын-пікірлерге жауап берді.

Жуырда блогер өзінің YouTube арнасында «Қазақстан. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың эпицентрі» атты деректі фильмін жариялаған болатын.

Варламовтың айтуынша, фильм жарық көргеннен кейін қоғамда қызу пікірталас басталған. Бірі оның бұл мәселені көтергенін қолдаса, енді бірі Қазақстанның беделіне нұқсан келтірді деп сынаған.

Блогердің сөзінше, фильм кейіпкерлерінің бірі мәселенің мәнін дәлірек сипаттаған.

«Қазақстан – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың эпицентрі ғана емес, қылмыстарды жүйелі түрде жасырудың да эпицентрі», – деген пікір келтірді Варламов.

Ол мұны бірнеше оқиғамен түсіндірді. Атап айтқанда, Антонина Сурова есімді әйел күйеуінің әрекетіне байланысты полицияға сегіз рет жүгінгенімен, оған қатысты қылмыстық іс қозғалмаған. Кейін әйел қаза тапқан.

Сондай-ақ блогердің айтуынша, тағы бір ер адамға төрт рет қорғау нұсқамасы берілгенімен, ол отбасынан оқшауландырылмаған. Кейін ол қызының үйлену тойы күні әйелін өлтірген.

Фильмде Анар есімді әйелдің оқиғасы да баяндалады. Оның қызына қатысты жасалған қылмыс бойынша сот үкімі шыққаннан кейін, туыстары істі тоқтатуды сұрап, 12 миллион теңге ұсынған. Әйел бұдан бас тартқан соң, оны «отбасының масқарасы» деп айыптаған.

Варламовтың пікірінше, әлеуметтік желілерде елдің беделі туралы пікірталас жүріп жатқанда, көптеген әйел полицияға бірнеше мәрте жүгінгенімен нәтиже көрмегенін, туыстары тарапынан қысымға ұшырағанын және кейбір қылмыстардың ұзақ уақыт бойы жасырылғанын айтып келеді.

Блогердің айтуынша, оның фильмі дәл осы мәселелерге қоғам назарын аударуға арналған.

Материал авторы