«Күйеуі ренжіткен»: Отырар ауданында төрт баласымен бірге жоғалып кеткен әйел табылды
Бір апта бойы іздеуде болған ана мен төрт баланың қайда кеткені белгілі болды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістан облысының Отырар ауданында төрт кішкентай баласымен бірге хабарсыз кеткен әйел бір аптадан кейін аман-есен табылды. Оның жоғалып кетуіне отбасындағы жанжал себеп болған.
Түркістан облысы Полиция департаментінің мәліметінше, әйелдің жоғалғаны туралы арызды оның жұбайы берген. Оның айтуынша, әйел жеті күн бұрын төрт баласын ертіп үйден шығып кеткеннен кейін байланысқа шықпаған.
Хабарлама түскен бойда облыстық Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен Отырар аудандық полициясының қызметкерлері жедел іздестіру жұмыстарын бастаған.
Іздестіру барысында ауданның кіреберісі мен шыға берісіне бақылау бекеттері қойылып, автокөліктер тексерілген. Сондай-ақ көрші облыстарға бағдарламалар жіберіліп, іздеу жұмыстары үздіксіз жүргізілген.
Әйелдің жанында 6, 5 және 3 жастағы балалары, сондай-ақ 10 айлық сәби болған.
Нәтижесінде полиция қызметкерлері әйел мен балаларды таксимен келе жатқан жерінен тауып, полиция бөліміне жеткізген.
Тексеру барысында әйелдің күйеуімен болған тұрмыстық жанжалдан кейін ренжіп, балаларын және құжаттарын алып Шымкентке кеткені анықталды. Онда пәтер жалдап тұрғанымен, өзінің нақты қайда екенін туыстарына хабарламаған.
Полиция бөлімінде жүргізілген түсіндіру жұмыстарынан кейін әйелдің жақындары шақырылып, отбасы мүшелері өзара татуласты. Кейін олар бірге үйлеріне оралды.
Айта кетейік, бұған дейін журналист Гүлмира Әбіқай әлеуметтік желіде Отырар ауданында Ұлдана есімді әйелдің төрт баласымен бірге із-түзсіз жоғалғаны туралы жазған болатын. Журналистің мәліметінше, туыстары әйелдің интеллектуалдық даму ерекшелігі бар екенін айтып, оның алаяқтардың құрбаны болуы мүмкін деп алаңдаған. Сондай-ақ іздеу жұмыстарының жеткілікті деңгейде жүргізілмей жатқаны жөнінде күмән келтірген.
Алайда Түркістан облысының полициясы арыз түскен сәттен бастап іздеу жұмыстары бір сәтке де тоқтатылмағанын мәлімдеді. Ведомство жоғалған отбасыны іздеуге атсалысқан барлық тұрғындарға алғыс айтты.
Материал авторы