ШҚО-да қос азаматтығы бар алты адам елден шығарылды
Миграциялық заңнаманы бұзғаны үшін өңірде 31 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған көрінеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері қос азаматтыққа қатысты алты дерек анықталды. Сот шешімімен олардың барлығы Қазақстан аумағынан шығарылды.
ШҚО Полиция департаментінің мәліметінше, биыл өңірде 450-ден астам адам Қазақстан азаматтығынан шыққан. Олардың басым бөлігі көрші мемлекеттің азаматтығын алған.
Осы кезеңде көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 31 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 24 азамат шетел азаматтығын алғаны туралы ішкі істер органдарына заңда белгіленген мерзімде хабарламаған.
Ал тағы алты адам Қазақстан азаматтығынан айырылғанына қарамастан, елдің жеке куәлігі мен басқа да құжаттарын заңсыз пайдалануды жалғастырған. Сот олардың барлығын Қазақстан аумағынан шығару туралы шешім қабылдады.
Осындай жағдайлардың бірі Өскемен қаласында тіркелген. Полицейлердің анықтауынша, 43 жастағы әйел 2024 жылдың қазан айында басқа мемлекеттің азаматтығын алған. Алайда заңда көзделген мерзім ішінде бұл туралы ішкі істер органдарына хабарламаған. Соның салдарынан ол Қазақстан азаматтығынан айырылып, қазақстандық құжаттары тәркіленген.
Полиция шетел азаматтығын алған азаматтар 30 күнтізбелік күн ішінде бұл туралы ішкі істер органдарына хабарлап, Қазақстан Республикасының азаматтығын растайтын құжаттарды тапсыруға міндетті екенін еске салды. Бұл талаптарды орындамағандарға әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Материал авторы