Мексика Аргентинамен матч өткізуден бас тартты
Мексика федерациясы бірнеше есепшотқа ақша аудару талабын қабылдамай, келіссөздерді тоқтатты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мексика футбол федерациясы (FMF) АҚШ-та Аргентина құрамасына қарсы жоспарланған жолдастық матчты өткізуден бас тартты. Бұған Аргентина футбол қауымдастығы (AFA) ұсынған қаржылық талаптардың күмән тудыруы себеп болған. Бұл туралы Diario de México басылымы жазды.
Басылым мәліметінше, Аргентина тарапы жолдастық кездесу үшін рекордтық көлемде – 6 миллион доллар талап еткен. Мексика бұл соманы төлеуге дайын болғанымен, келіссөздер қаражатты бірнеше бөлек банк шотына аудару жөніндегі талаптан кейін тығырыққа тірелген.
Әртүрлі дереккөздерге сәйкес, AFA басшылығы төлемді үш немесе тіпті он түрлі есепшотқа бөлуді сұраған. Мұндай талап Мексика футбол федерациясында күмән туғызып, ұйым мұны ықтимал алаяқтық немесе ақшаны жылыстату тәуекелі ретінде бағалаған.
Осыған байланысты FMF келіссөздерді тоқтатып, Аргентина құрамасының орнына басқа қарсылас іздеуге шешім қабылдаған.
Бірнеше айдан кейін Мексика тарапының күдігі белгілі бір деңгейде негізсіз болмағаны белгілі болды. Мәліметке сәйкес, АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросы (FBI) мен прокуратурасы Аргентина футбол қауымдастығының жүздеген миллион доллар көлеміндегі қаржы ағындарына қатысты ресми тергеуді бастаған.
Тергеу аясында демеушілік және коммерциялық қаражат өткізілген TourProdEnter LLC компаниясының қызметі де тексеріліп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, кемінде 57 миллион доллардың күмәнді бенефициарлардың есепшоттарына шығарылғаны анықталған.
Осылайша, Мексика футбол федерациясы Аргентинамен матч өткізуден дер кезінде бас тарту арқылы халықаралық қаржылық дау-дамайдың ортасында қалудан аман қалған.
Материал авторы