1369

Астаналық тұрғын «аяғы үшін» 86 мың теңге айыппұл арқалады

Ер адамның стадиондағы әрекеті әлеуметтік желіде тарап, полицияның назарын аударды.

Астаналық тұрғын «аяғы үшін» 86 мың теңге айыппұл арқалады
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астана-Ақтөбе футбол матчында тәртіп ережесін бұзған 28 жастағы тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ол стадиондағы әрекеті әлеуметтік желіде тарағаннан кейін полиция назарына іліккен.

Астана қаласы полиция департаментінің мәліметінше, интернет кеңістігін бақылау барысында тәртіп сақшылары стадионда түсірілген видеоны анықтаған. Кадрларда ер адамның аяқ киімін шешіп, аяғын алдындағы орындықтың арқалығына қойғаны байқалған.

Оның бұл әрекеті басқа көрермендердің наразылығын тудырған. Полиция қызметкерлері видеодағы азаматтың 28 жастағы Астана тұрғыны екенін анықтаған.

Сот ер адамды ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Яғни ол қоғамдық тәртіпті бұзып, айналасындағы адамдарға құрметсіздік танытқан. Нәтижесінде оған 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, шамамен 86 мың теңге айыппұл салынды.

Полиция азаматтарға спорттық және өзге де бұқаралық іс-шаралар кезінде белгіленген тәртіп талаптарын сақтауды, айналадағы адамдарға құрметпен қарауды және қоғамдық тәртіпті бұзбауды еске салды.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор