Түркия соты Биньямин Нетаньяхуға халықаралық іздеу жариялады
Түркия прокуратурасы бұған дейін Израиль басшылығына қатысты мыңдаған жылдық жаза сұраған болатын.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркияның Стамбұл қаласындағы соты Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды халықаралық іздеуге жариялау туралы шешім қабылдады.
Басылым мәліметінше, шешім Стамбұлдың қылмыстық істер жөніндегі 11-сот алқасында қабылданған. Сот Нетаньяхуды Интерполдың «қызыл бюллетені» арқылы іздеу туралы қаулы шығарған.
Түркияның Sabah газеті хабарлағандай, Израиль премьер-министрі «аса қауіпті қылмыскер» ретінде іздеу тізіміне енгізілген.
«Стамбұлдың 11-қылмыстық сотында "Самуд" жаһандық флотилиясын ұстауға байланысты істі қараған судьялар алқасы айыпталушы Нетаньяхуды "қызыл бюллетень" арқылы іздеуге жариялау туралы шешім қабылдады», — деп жазды түркиялық басылым.
Бұған дейін, 2025 жылдың қарашасында Түркияның Стамбұл прокуратурасы Израиль премьер-министрі мен тағы 34 жоғары лауазымды шенеунікті қамауға алу туралы ордер шығарған болатын.
Түркия тарапы оларға Газа секторындағы әрекеттерге байланысты геноцид, жаппай бомбалау және гуманитарлық көмектің жеткізілуіне кедергі келтіру сияқты айыптар таққан.
Сонымен қатар, биыл сәуір айында Түркия прокуратурасы Нетаньяху мен Израильдің бірқатар шенеуніктеріне 1 102 жылдан 4 596 жылға дейінгі аралықта бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды талап еткен.
Материал авторы