«Киллиан диктатор!»: Қазақ блогер Мбаппе туралы әзіл үшін ӘЧ-2026 жартылай финалына кіре алмай қалды
Танымал журналист Гүлмира Дайрабаеваның блогер ұлы пиджак үшін ойынға кіргізілмеген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, блогер Артур Асқарұлы, әлеуметтік желіде Archibaaal атымен танымал, 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының жартылай финалдық ойынына ерекше костюммен кіре алмағанын айтты.
Блогердің айтуынша, ол Франция мен Испания арасындағы жартылай финалға француз футболшысы Килиан Мбаппеге қатысты интернет-мемге негізделген образбен баруды жоспарлаған. Ол АҚШ-қа арқасында «Dictator Mbappe» деген жазуы бар әскери үлгідегі костюм алып барған.
Артур Асқарұлының сөзінше, стадионға кіреберісте қауіпсіздік қызметкерлері оның киіміне назар аударып, ішке өткізбеген.
Блогер бірнеше қызметкермен сөйлескенін, кейін супервайзер шақырылғанын айтты. Оның мәлімдеуінше, қауіпсіздік өкілі костюмнің әскери үлгіде екенін және арқасындағы «Dictator Mbappe» жазуына байланысты мұндай киіммен стадионға кіруге болмайтынын түсіндірген.
«Олар бұл саясатқа қатысты мәселе екенін айтты. Костюмді қалдыру керек деді», – деп баяндады блогер.
Артур Асқарұлы бұл образ арқылы әлемдік аудиторияға шығуды көздегенін жеткізді. Оның айтуынша, костюммен алдын ала бірнеше видео түсіріп, әлеуметтік желіде үлкен қызығушылыққа ие болған.
Блогер матч трансляциясына түсіп, ерекше контент жасағысы келгенін де айтты. Алайда оның пікірінше, осындай образдардың эфирге шықпауына да белгілі бір шектеулер әсер етуі мүмкін.
Сонымен қатар қазақстандық блогер футболдан әлем чемпионатындағы қауіпсіздік талаптарын Қазақстандағы кейбір тыйымдармен салыстырды.
Ол стадиондағы ережелердің көптігіне наразылық білдіріп, «болмайды» деген шектеулердің барлық жерде кездесетінін атап өтті.
Артур Асқарұлы костюмсіз болса да матчқа кіретінін және финалды тамашалайтынын айтты. Дегенмен ол бұл жағдайды әлемдік деңгейдегі контент жасау мүмкіндігінен айырылған сәт ретінде бағалады.
Материал авторы