923

Қазақстан құрамасы Азия чемпионатында тағы үш алтын медаль жеңіп алды

Қазақстандық боксшылар финалда Моңғолия, Өзбекстан және Үндістан өкілдерін жеңіп, ел намысын абыроймен қорғады.

Қазақстан құрамасы Азия чемпионатында тағы үш алтын медаль жеңіп алды
instagram.com/boxingkazakhstan

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қазақстандық боксшылар Индонезия астанасы Джакартада өтіп жатқан Азия чемпионатында кезекті жеңістерге жетті. 23 жасқа дейінгі қыздар арасындағы құрлық біріншілігінің финалында Қазақстан құрамасының үш өкілі алтын медаль иеленді.

Финалдық кездесулер нәтижесінде Қазақстан құрамасының сапынан Гүлназ Борибаева, Азиза Исина және Шұғыла Налибай Азия чемпионы атанды.

48 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Гүлназ Борибаева финалда Моңғолия боксшысы Содон-Од Биндериямен кездесіп, жеңіске жетті.

70 келіге дейінгі салмақта Азиза Исина өзбекстандық Райхона Құрбонбоеваны ұтып, алтын жүлдеге қол жеткізді.

Ал 75 келіге дейінгі салмақта Шұғыла Налибай Үндістан өкілі Мусканды жеңіп, құрлық біріншілігінің чемпионы атанды.

Сонымен қатар Қазақстан құрамасы үш күміс медаль алды. 51 келіге дейінгі салмақта Анита Әдішева финалда Өзбекстан спортшысы Гүлсевар Ғаниеваға жол берді.

57 келіге дейінгі салмақта Ұлжан Сәрсенбек өзбекстандық Хуморабон Мамажоноваға есе жіберіп, күміс жүлде иеленді. Ал 80 келіге дейінгі салмақта Құралай Егінбайқызы Үндістан боксшысы Рухшона Парпиевадан жеңілді.

Айта кетейік, Джакартада бокстан U19 және U23 жас санаттары бойынша Азия чемпионаты 3-16 шілде аралығында өтуде. Турнирдің ерлер арасындағы финалдық жекпе-жектері жарыстың соңғы күні ұйымдастырылады.

Қазақстандық бокс мектебі үшін бұл жарыстар кезекті сынақ қана емес, жаңа буын спортшыларының халықаралық деңгейдегі мүмкіндігін көрсету алаңы болып отыр. Рингте бәрі қарапайым: секундомер тоқтайды, ал нәтиже сөйлейді.

Материал авторы