Торт ішіндегі жарылыс: телефон алаяқтары зейнеткерлерді банкке дейін алдап апарған
«Ақшаларыңызды қайтарамыз» деген алаяқтар Павлодарда зейнеткерлерді қауіпті әрекетке итермеледі.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодар қаласында телефон алаяқтарының кезекті айласы қауіпті жағдайға ұласты. Қылмыскерлер зейнеткерлерді бұрын жоғалтқан ақшаларын қайтаруға уәде беріп, ішінде петарда жасырылған тортты банк ғимаратына алып келуге және оны жағуға көндірген.
Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 15 шілде күні сағат 16:00 шамасында қаладағы банктердің бірінде болған. Тергеу барысында екі зейнеткердің телефон алаяқтарының құрбаны болғаны анықталған.
Оқиға салдарынан екі қарт адам жеңіл жарақат алған. Полиция олардың бұған дейін де дәл осы қылмыскерлердің арбауына түсіп, жалған инвестициялық жобаларға ірі көлемде ақша салғанын анықтаған.
Құқық қорғау органдары бұл іс бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Алаяқтық схемасында пайдаланылған дропперлер анықталып, жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ сот арқылы жәбірленушілерге ұрланған қаражатты қайтару шаралары қолға алынған.
Алайда алаяқтар мұнымен тоқтамаған. Олар бұрынғы құрбандарымен қайта байланысып, «ақшаларыңызды қайтарамыз» деген сылтаумен жаңа жоспар құрған.
Полиция мәліметінше, қылмыскерлер психологиялық қысым әдістерін пайдаланып, зейнеткерлерге торт пен петарда сатып алуды тапсырған. Кейін жәбірленушілер алаяқтардың нұсқауы бойынша торттың ішіне жасырылған петарданы жаққан.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалып, күдіктілерді анықтау және ұстау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.
Полиция телефон алаяқтарының бұрынғы құрбандарды қайта іздейтінін ескертті. Қылмыскерлер көбіне «жоғалған ақшаны қайтару», «өтемақы төлеу», «дивиденд беру» немесе «ірі сыйлық ұтып алу» сияқты жалған уәделер арқылы адамдарды қайта алдауға тырысады.
Құқық қорғау органдары қазақстандықтарға мұндай ұсыныстардың барлығы алаяқтық схеманың жалғасы екенін еске салды. Әсіресе егде жастағы адамдар мұндай психологиялық қысымға жиі түсетіндіктен, жақындарына осындай қауіптер туралы алдын ала түсіндіру қажет.
Мамандардың айтуынша, банктер, полиция, мемлекеттік органдар немесе заңды инвестициялық компаниялар азаматтарға телефон арқылы күмәнді қаржылық операция жасауға немесе қауіпті әрекетке баруға ешқашан нұсқау бермейді.
Күдікті қоңырау түскен жағдайда әңгімені бірден тоқтатып, ақпаратты туыстар арқылы тексеріп, оқиға туралы полицияға хабарлау ұсынылады. Алаяқтар технологияны меңгеріп келеді, ал адамның сенгіштігі әлі де олардың ең арзан, бірақ ең тиімді құралы болып отыр.
Материал авторы