1263

Ресейде мигранттарды арнайы телефон арқылы бақыламақ

Жаңа талап күшіне енсе, Ресейге жұмысқа келген шетел азаматтары тіркелу кезінде арнайы телефон алуға тиіс болады.

Ресейде мигранттарды арнайы телефон арқылы бақыламақ
pixabay.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресейге жұмыс істеуге немесе ұзақ мерзімге келетін мигранттарға мобильді телефон сатып алу міндеті енгізілуі мүмкін. Бұл туралы Ресей Федерациясы Федералдық кеңесінің халықаралық істер комитеті отырысында Ішкі істер министрінің орынбасары, мемлекеттік хатшы Игорь Зубов мәлімдеді.

Шенеуніктің айтуынша, Ресейде мигранттарды тіркеу кезінде олардың электронды профилі болатын арнайы телефон жүйесін қолдану жоспарланып отыр.

«Елге келген әрбір мигрант, әсіресе жұмыс істеуге немесе ұзақ уақытқа келгендер, телефон сатып алуға міндетті болады. Бұл құрылғыда оның электронды профилі сақталады. Біз әр мигранттың орналасқан жерін білетін боламыз», – деді Игорь Зубов.

Оның айтуынша, жаңа жүйе мигранттардың бір елді мекеннен екіншісіне рұқсатсыз көшуін шектеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар телефон арқылы азаматтарға құжаттарының мерзімі аяқталатыны туралы немесе белгілі бір мекенжайға келу қажеттігі жөнінде хабарламалар жіберілмек.

Ресей Ішкі істер министрлігі өкілінің пікірінше, мұндай жүйе миграциялық есеп жүргізудің негізгі құралдарының біріне айналуы мүмкін.

Қазіргі таңда бұл бастама талқылану кезеңінде тұр. Адам қозғалысын смартфон арқылы бақылау идеясы цифрлық бақылау мәселесін қайта көтеріп отыр. Технология кейде тәртіп орнатудың құралына айналады, бірақ оның шекарасы қай жерде аяқталатыны туралы дау адамзатпен бірге жүріп келе жатқан ескі сұрақтардың бірі болып қала береді.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор