Жамбыл облысында 9-сынып оқушысы кіші сыныптағылардан ақша талап еткен
Мектептегі буллинг фактісі бойынша жиналған материалдар негізінде оқушының анасына әкімшілік іс қозғалды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында мектеп оқушысының буллинг әрекеті бойынша оның анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот материалдарына сәйкес, 9-сынып оқушысы бірнеше 8-сынып оқушысына қысым көрсетіп, олардан ақша талап еткен.
Сот хабарламасында айтылғандай, оқиға 2026 жылдың мамыр айында Мойынқұм ауданындағы мектептердің бірінде болған. 9-сынып оқушысы бірнеше кіші сынып оқушысына қатысты буллинг жасап, ақша сұраған.
Заң талаптарына сәйкес, әкімшілік хаттама баланың анасына қатысты толтырылған.
Сотта әйелдің кінәсі полицияға берілген хабарлама, тараптардың түсініктемелері және іс материалдары арқылы дәлелденген.
Сот отырысы кезінде оқушының анасы іс материалдарында көрсетілген жағдайларды мойындап, мұндай әрекеттердің алдағы уақытта қайталануына жол бермейтінін айтқан.
Прокурор анасына 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салуды сұраған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-2-бабының 3-бөлігі ата-аналарға ескерту немесе айыппұл түріндегі жауапкершілікті қарастырады.
Сот істі қарау барысында жауапкершілікті жеңілдететін немесе ауырлататын жағдайларды анықтамаған. Нәтижесінде әйел кінәлі деп танылып, оған 43 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Сот қаулысы заңды күшіне енген.
Материал авторы