«Бізде нақты ұсыныстар бар»: Украина бітімге дайын екенін мәлімдеді
Украина Сыртқы істер министрі Киев атысты тоқтатуға және соғысты аяқтау жөніндегі келіссөздерге дайын екенін мәлімдеді.
Украина билігі елде соғысты тоқтатуға бағытталған нақты ұсыныстар әзірлегенін және уақытша бітімге келуге дайын екенін мәлімдеді. Сонымен қатар Киев Владимир Зеленский мен Владимир Путиннің Түркияда кездесуін қолдайтынын жеткізді.
Украинаның Сыртқы істер министрі Андрей Сибиганың айтуынша, Түркия екі мемлекет басшыларының кездесуі өтетін негізгі алаңдардың бірі бола алады.
«Біз Зеленский мен Путиннің кездесуі өтуі мүмкін негізгі алаңдардың бірі ретінде Түркияны қолдаймыз. Осындай жоғары деңгейдегі кездесуді ұйымдастыруға дайын екенін білдірген түрік тарапына ризашылығымызды білдіреміз», – деді министр.
Сибига екі ел президенттерінің тікелей келіссөздері бейбіт үдеріске жаңа серпін беруі мүмкін екенін атап өтті.
Оның сөзінше, Украина соғысты тоқтатуға қатысты нақты ұсыныстар әзірлеген.
«Бізде бұл соғысты қалай аяқтауға болатыны жөнінде нақты ұсыныстар бар. Украина бейбітшілікке ұмтылады. Біз АҚШ-тың қатысуымен жалғасып жатқан барлық бейбіт бастамаларды қолдаймыз. Сондай-ақ Еуропаның бұл үдерістегі рөлі күшейеді деп сенеміз. Украина уақытша бітімге дайын», – деді Сыртқы істер министрі.
Министрдің пікірінше, егер мұндай кездесу өтсе, оның басты нәтижелерінің бірі атысты тоқтату туралы келісім болуы мүмкін.
Ол қазіргі жағдайда әскери қақтығысты тоқтату үшін дипломатиялық тетіктерді барынша белсенді пайдалану қажет екенін айтты.
Материал авторы