1229

Кафелер мен дүкендерге жеткізілген: Астанада қауіпті ет өндірген жасырын цех анықталды

Тексеру кезінде үш тоннадан астам шығу тегі белгісіз ет өнімі анықталып, толықтай жойылды.

Кафелер мен дүкендерге жеткізілген: Астанада қауіпті ет өндірген жасырын цех анықталды
ПД

Астанада заңсыз жұмыс істеген ет өңдеу цехы әшкереленіп, қызметі тоқтатылды. Тексеру барысында үш тоннадан астам шығу тегі мен сапасы белгісіз ет өнімі тәркіленді. 

Елордалық полиция департаментінің мәліметінше, астыртын өндіріс жеке тұрғын үйлердің бірінде ұйымдастырылған. Цех ешқандай рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеген.

Құқық қорғау органдарының мәліметіне сәйкес, дайын өнім қаладағы жеке дүкендер мен қоғамдық тамақтану орындарына жеткізіліп отырған. Соның салдарынан күмәнді ет кез келген уақытта тұрғындардың тұтынуына түсуі мүмкін болған.

Тексеру кезінде үш тоннадан астам шығу тегі анықталмаған ет өнімі табылды.

Полицейлердің айтуынша, өнім санитарлық талаптар өрескел бұзылған жағдайда өндіріліп, сақталған. Температуралық режим сақталмаған, ет антисанитариялық ортада жатқан. Сонымен қатар өнімнің бір бөлігінде бұзылғанын көрсететін айқын белгілер, оның ішінде өткір жағымсыз иіс пен шыбындардың жиналуы анықталған.

Жүргізілген шаралардың нәтижесінде тәркіленген өнім толықтай жойылып, адам денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін еттің сатылымға шығуына жол берілмеді.

Заңсыз цех иелері қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор