1780

Қазақстан жастар арасындағы Азия чемпионатында 30 медаль жеңіп алды

Жарыста Өзбекстан чемпион атанса, Қазақстан мен Үндістан үздік үштікті түйіндеді.

Қазақстан жастар арасындағы Азия чемпионатында 30 медаль жеңіп алды
instagram/boxingkazakhstan

Индонезияның Джакарта қаласында өткен бокстан U19 және U23 жас санаттары арасындағы Азия чемпионаты аяқталды. Қазақстан құрамасы құрлық біріншілігін 30 медальмен түйіндеп, жалпыкомандалық есепте екінші орынға ие болды. 

Ұлттық құрама турнирде 11 алтын, 11 күміс және 8 қола медаль жеңіп алды. Бұл нәтиже Қазақстанға жалпы есепте екінші сатыдан көрінуге мүмкіндік берді.

Жалпыкомандалық есепте бірінші орынды Өзбекстан иеленді. Көрші елдің боксшылары 21 алтын, 6 күміс және 6 қола медаль жеңіп алды. Үшінші орын Үндістан құрамасына бұйырды. Олар жарысты 5 алтын, 12 күміс және 11 қола жүлдемен аяқтады.

Ал Жапония, Оңтүстік Корея және Индонезия құрамалары бір-бір алтын медальдан еншіледі.

U19 жас санатында Өзбекстан бірінші орын алды (11 алтын, 3 күміс, 1 қола). Қазақстан 5 алтын, 4 күміс және 5 қола медальмен екінші орынға жайғасса, Үндістан (2 алтын, 7 күміс, 4 қола) үздік үштікті түйіндеді.

U23 санатында да Өзбекстан көш бастады (10 алтын, 3 күміс, 5 қола). Қазақстан бұл жас тобында 6 алтын, 7 күміс және 3 қола медаль жеңіп алып, екінші орыннан көрінді. Үндістан 3 алтын, 5 күміс және 7 қола жүлдемен үшінші орынға тұрақтады.

Материал авторы