15 жасар қазақ бала «Барселонамен» келісімшартқа отырды
Дарынды ойыншы енді әлемге әйгілі «Ла Масия» академиясында шеберлігін шыңдайды.
Қазақстанның жасөспірімдер құрамасының ойыншысы Кәрім Меңдіқанов Испанияның әйгілі «Барселона» клубымен үш жылдық келісімшартқа қол қойды.
15 жастағы вингер келісімшартқа қол қою рәсімінен түскен суреттерді Instagram парақшасында жариялады. Фотоларда құжатқа қол қою сәті мен жас футболшының «Барселона» клубының рәміздері аясында түскен кадрлары көрсетілген.
«Өмір бойы армандаған клубыммен келісімшартқа отырғанымды мақтан тұтамын», – деп жазды Кәрім Меңдіқанов.
Жас футболшы 2022 жылы, 11 жасында әкесімен бірге Испанияға қоныс аударған. Ол каталониялық футболдағы жолын төртінші дивизион командаларының бірінен бастап, кейін «Серданьола» және «Сан-Кугат» клубтарында өнер көрсетті.
Осы командалардағы сәтті ойынының арқасында Ла Лига скауттарының назарын аударып, нәтижесінде «Барселонамен» үш жылдық келісімшартқа қол қойды. Енді ол әлемдегі ең беделді футбол академияларының бірі саналатын «Ла Масияда» дайындықтан өтеді.
Айта кетейік, 2026 жылдың 22 сәуірінде Кәрім Меңдіқанов алғаш рет Қазақстанның U-16 жасөспірімдер құрамасына шақырту алды. Ол 25-30 сәуір аралығында Шымкентте өткен УЕФА Даму кубогы халықаралық турнирінде ұлттық құрама сапында өнер көрсетті.
Материал авторы