Астанада қонақүй кәрізінен табылған ұрыққа қатысты 29 жастағы әйел ұсталды
Қонақүйдегі шулы іске байланысты әйел ұсталып, сотқа дейінгі тергеу басталды.
Астанада қонақүйдің кәріз жүйесінен ұрықтың табылуына қатысты іс бойынша 29 жастағы әйел ұсталды. Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін елордадағы тұрғын үй кешендерінің бірінің тұрғындары үйлеріне жапсарлас салынған қонақүйге қатысты шағымданған болатын. Олардың айтуынша, қонақүй қонақтары қоғамдық тәртіпті жиі бұзады, ал соңғы оқиға мекеменің кәрізінен ұрықтың табылуымен байланысты болған.
Полицияның мәліметінше, аталған қонақүй бұрыннан бері жергілікті тұрғындарға қолайсыздық туғызып келеді. Жыл басынан бері осы мекенжайдан «102» арнасына 19 хабарлама түскен.
Тексеру барысында 13 адам тыныштықты бұзғаны үшін, тағы 3 адам қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
«Бұдан бөлек, осы қонақүйде бұған дейін ұрықтың табылу дерегі тіркелген болатын. Осы іс бойынша 29 жастағы әйел ұсталды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», – деп хабарлады Астана қалалық полиция департаменті.
Сондай-ақ қонақүй иесіне қылмыстық және өзге де құқық бұзушылықтарға себеп болатын жағдайларды жою туралы ұсыныс енгізілді.
Полицияның хабарлауынша, бұл аумақ учаскелік инспекторлардың тұрақты бақылауында. Онда жүйелі түрде профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, қонақүй әкімшілігімен және тұрғындармен түсіндіру кездесулері ұйымдастырылып келеді.
Материал авторы