Тоқаев жасанды интеллект бойынша халықаралық сарапшылық платформа құруды ұсынды
Президент ЖИ-ді әскери бәсекенің емес, бейбітшілік пен тұрақты дамудың құралына айналдыру қажет екенін мәлімдеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қоғамның жасанды интеллектіні түсіну, бағалау және тиімді реттеу қабілеті толық қалыптасып үлгермей жатып, бұл технологияның даму қарқыны әлдеқайда алға озып кетті. Бұл туралы Ақорда Telegram арнасы жазды.
Мемлекет басшысы қазіргі жағдайда жасанды интеллектіні дамыту мемлекеттер арасындағы текетірес пен әскери бәсекеге емес, бейбітшілік пен тұрақты даму қағидаттарына негізделуі тиіс екенін атап өтті.
«Сондықтан мен Ұйымға мүше мемлекеттер мен барлық мүдделі тараптарды жасанды интеллект стандарттары мен этикасын реттейтін тұрақты сарапшылық платформаны құруға шақырамын. Сайып келгенде, жасанды интеллектінің болашағын адамдар айқындайды. Сондықтан алдағы уақытта осы саланы терең меңгерген мамандарға сұраныс арта түседі. Біз жастарды цифрлық дағдыларға, сыни ойлауға, ізденімпаздыққа және жоғары этикалық жауапкершілікке баулуымыз қажет», – деді Президент.
Осыған байланысты Қазақстан Дүниежүзілік жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымы аясында халықаралық мектептер желісін, озық тәжірибе орталықтарын және академиялық серіктестік тетіктерін құруды ұсынды.
Сөзінің соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жасанды интеллектінің әлеуетін бейбітшілікті нығайтуға, орнықты дамуға және жан-жақты өркендеуге бағыттайтын барлық халықаралық серіктестермен өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға дайын екенін жеткізді.
Материал авторы