11994

Netflix жасанды интеллектіні 300 жобаға енгізіп, өндіріс шығынын қысқартқан

Компанияның айтуынша, бір деректі фильмдегі 17 минуттық көрініс ЖИ көмегімен екі есе жылдам әрі екі есе арзан дайындалған.

Netflix жасанды интеллектіні 300 жобаға енгізіп, өндіріс шығынын қысқартқан
REUTERS/Francis Mascarenhas

Америкалық Netflix стримингтік платформасы генеративті жасанды интеллектіні шамамен 300 фильм мен сериал өндірісінде пайдаланғанын алғаш рет ресми түрде жариялады. Компанияның мәліметінше, жаңа технологиялар шығындарды азайтып, контент өндіру процесін едәуір жеделдеткен. Бұл туралы Deadline басылымы жазды.

Netflix 2026 жылдың екінші тоқсанына арналған қаржылық есебінде жасанды интеллектіні кино өндірісіне енгізу ауқымын ашық көрсетті. Компания генеративті ЖИ-ді жобалардың барлық кезеңінде, бастапқы тұжырымдаманы әзірлеуден бастап постпродакшн жұмыстарына дейін қолданады.

Нейрожелілер күрделі көпшілік көріністерін өңдеуге, тарихи шайқастарды визуализациялауға және басқа да ауқымды сахналарды жасауға көмектеседі.

Компания басшылығы жаңа технологиялардың тиімділігін The American Experiment деректі фильмі арқылы мысалға келтірді. Ондағы 17 минуттық экрандық материал жасанды интеллектінің көмегімен дәстүрлі тәсілмен салыстырғанда екі есе жылдам әрі екі есе арзан әзірленген.

Netflix үнемделген қаржыны жаңа контент өндірісіне қайта инвестициялауды жоспарлап отыр. Компания 2026 жылы фильмдер мен сериалдар өндірісіне бөлінетін бюджетті 10 пайызға арттырып, 20 миллиард долларға дейін жеткізуді көздеп отыр.

Материал авторы