«Басыңды жұлып аламын»: Қостанайда дәрігерге жасалған қоқан-лоқыға полиция үн қатты
Медицина қызметкерін қорқытқан ер адам жауапқа тартылуы мүмкін.
Қостанайда медицина қызметкеріне қоқан-лоқы көрсетілген видео әлеуметтік желіде жарияланып, қоғам назарын аударды. Оқиғаға байланысты Қостанай облысының полиция департаменті тексеру жұмыстарын бастаған.
Медицина қызметкері Threads әлеуметтік желісінде бұл жазбаны аяушылық тудыру үшін емес, мұндай жағдайлардың қалыпты құбылысқа айналуына жол бермеу мақсатында жариялағанын айтты.
«Біз медицина қызметкерлері жұмысқа адамдарды емдеу, көмектесу және қолдау үшін келеміз. Алайда күнделікті қызметіміздің орнына тым жиі қорлау, қоқан-лоқы мен үрейге тап боламыз», – деп жазды ол.
Жазбаға тіркелген бейнежазбада ер адамның медицина қызметкеріне дөрекі сөйлеп, күш қолданатынын айтып қорқытқаны естіледі.
– «Бір күні басыңды жұлып аламын! Өлтіріп тынамын!» – дейді ер адам.
– «Не үшін?» – деп сұрайды медицина қызметкері.
– «Тым әдепсіз мінезің үшін», – деп жауап береді ол.
Кейін медицина қызметкері өзіне қоқан-лоқы жасалып жатқанын нақтылаған кезде, ер адам балағат сөздер айтып, қорлауын жалғастырады.
Қостанай облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта медицина қызметкерін қорлаған адамның жеке басы анықталуда. Ол міндетті түрде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Материал авторы