22292

Бизнес-класс билеті көмектеспеді: сәбиімен қалған ана рейске үлгермей қалды

Әлеуметтік желідегі шағымнан кейін Air Astana оқиғаға қатысты ресми түсініктеме жариялады.

Бизнес-класс билеті көмектеспеді: сәбиімен қалған ана рейске үлгермей қалды
Shutterstock

Астанадан Оралға бес айлық сәбиімен бірге ұшпақ болған жолаушы Air Astana әуе компаниясының рейсіне міне алмай қалғанын айтып, әлеуметтік желіде шағым жариялады. Кейін әуе компаниясы оқиғаға қатысты түсініктеме берді. 

Threads әлеуметтік желісіндегі қолданушының айтуынша, оның құрбысы бес айлық баласымен бірге Астанадан Оралға бизнес-класс билетін сатып алған. Оның сөзінше, рейс кешкі сағат 18:40-та болған, ал олар тіркеу орнына 17:40-та келген.

Автордың мәлімдеуінше, жолаушы сәбиімен және жүгінің бар екенін ескерткеніне қарамастан, қызметкер оны жалпы кезектің соңына жіберген. Кезек күтіп тұрған уақытта әйел бірнеше рет тіркеу орнына барып, рейске қатысты нақтылап сұрағанымен, мәселе шешілмеген.

Кезек жеткен кезде әуе компаниясы жүк тіркеуінің жеті минут бұрын жабылғанын айтып, чемодандар мен балалар арбасын қабылдамайтынын хабарлаған. Жолаушы бұған келіспей, қызметкерлермен біраз уақыт түсініспеушілік болған. Соның салдарынан рейс ұшып кеткен.

Жарияланым авторының айтуынша, кейін әуежайдағы бейнебақылау камералары тексеріліп, жолаушының уақытында келгені расталған. Осыдан кейін Air Astana өкілдері кешірім сұрап, жолаушыны бизнес-залға орналастырған.

Бастапқыда Оралға ең жақын тікелей рейс тек 19 шілдеге жоспарланғандықтан, компания баламалы бағыт ұсынып, жолаушыны Астана – Алматы – Орал бағыты бойынша қайта брондаған.

Өз кезегінде Air Astana баспасөз қызметі 16 шілдеде KC979 рейсіне бес айлық сәбиімен бірге бизнес-класпен сапар шекпек болған жолаушының келгенін растады.

Компанияның мәліметінше, жолаушы тіркеу орнына келген сәтте рейстің тіркелуі толық жабылып, жүк қабылдау мүмкін болмаған. Сондықтан оған багажсыз ұшу ұсынылған, алайда жолаушы бұл нұсқадан бас тартқан.

Әуе компаниясының хабарлауынша, жағдайды жедел шешу үшін супервайзер мен ауысым менеджері шақырылған. Сәбиімен бірге сапарлап жүргенін ескере отырып, компания басшылығы мәселені жеке тәртіппен шешуге шешім қабылдап, жолаушыны Астана – Алматы – Орал бағыты бойынша басқа рейске қайта брондаған.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор