Берік Асылов: XXI ғасырда қылмысты болжай алатын құқық қорғау жүйесі ғана тиімді болады

Академия жасанды интеллект, цифрлық криминалистика және киберқауіпсіздікке негізделген жаңа буын мамандарын даярлауға басымдық беріп отыр.

Берік Асылов: XXI ғасырда қылмысты болжай алатын құқық қорғау жүйесі ғана тиімді болады
Бас прокуратура

2026 жылғы 16 шілдеде Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асылов Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының магистратура және докторантура түлектеріне диплом табыстау рәсіміне қатысты.

Іс-шара барысында Академияны жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, ғылыми зерттеулер мен цифрлық технологияларға негізделген жаңа форматта дамыту бағыттары таныстырылды. Бұл туралы Бас прокуратураның Telegram арнасы жазды.

Салтанатты рәсімге Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, құқық қорғау және арнаулы органдардың басшылары, сондай-ақ Maqsut Narikbayev University, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Astana IT University, Астана халықаралық университеті, Ұлттық қорғаныс университеті және ІІМ Академиясының өкілдері қатысты.

Соңғы он жылда Академияның жоғары оқу орнынан кейінгі бағдарламалары бойынша құқық қорғау органдарының 534 қызметкері білім алған. Оның ішінде 459 адам магистратураны, 75 адам докторантураны тәмамдаған.

Берік Асылов қазіргі таңда Академия ғылымды, білімді, IT-технологияларды және құқық қорғау тәжірибесін тоғыстырған интеллектуалдық әрі технологиялық орталыққа айналып келе жатқанын айтты.

«XXI ғасырда қылмысқа жылдам әрекет ететін емес, оны алдын ала болжай алатын ғана жеңіске жетеді. Сондықтан құқық қорғау жүйесінің болашағы бүгіннен – ғылыми зертханаларда, Академия аудиторияларында және жаңа технологияларды әзірлеу орталықтарында басталады», – деді Бас прокурор.

Оның айтуынша, жаңа Конституция адам құқықтарын қорғауды күшейтіп қана қоймай, адам капиталын дамыту, ғылым, білім, цифрлық құқықтар, инновациялар мен технологиялық прогресті мемлекеттің негізгі құндылықтарының біріне айналдырды. Бұл өзгерістер құқық қорғау жүйесінің одан әрі дамуына жаңа бағыт береді.

Президенттің тапсырмаларын орындау аясында Академия цифрлық криминалистика, киберқылмыстарды тергеу, электрондық дәлелдемелерді зерттеу, ашық дереккөздерді талдау және құқық қорғау саласында жасанды интеллектіні қолдану бағытында мамандар даярлаудың кешенді жүйесін қалыптастырып жатыр.

Осы мақсатта Цифрлық технологиялар және киберқылмысқа қарсы іс-қимыл институты құрылды. Мұнда цифрлық криминалистика, киберқылмыстар және криптоактивтер қолданылатын құқық бұзушылықтарды тергеуге арналған бірегей білім беру бағдарламалары әзірленген.

Академияның тағы бір басым бағыты – құқық қорғау саласындағы ғылыми әлеуетті біріктіру. Бүгінде оқу орнының бастамасымен 60-тан астам ведомствоаралық ғылыми зерттеу жүргізілген. Алдағы уақытта Ғылыми-әдістемелік кеңес азаматтық жоғары оқу орындарының қатысуымен Ведомствоаралық кеңеске айналады.

Бұл ғылыми әлеуетті, тәжірибелік білімді және заманауи білім беру тәсілдерін бір алаңға тоғыстырып, құқық қорғау жүйесін дамытуға арналған ортақ шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді.

Академия сондай-ақ зерттеу университеті мәртебесін алуды, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуді, қос диплом бағдарламалары мен академиялық ұтқырлықты дамытуды жоспарлап отыр.

Рәсім аясында қатысушыларға Киберполигон, Форсайт-орталық, Innovation Lab және Ғылыми превенция мен ведомствоаралық өзара іс-қимыл орталығының жұмысы таныстырылды.

Форсайт-орталық пилоттық режимде дипфейк технологиялары арқылы жасалатын алаяқтықпен күрес, ұшқышсыз жүйелерді дамыту және көлеңкелі цифрлық нарықтарды зерттеу бағытында талдамалық жұмыстар жүргізіп келеді.

Ал Innovation Lab аясында тәжірибеде қолданылып жатқан 14 қолданбалы өнім, оның ішінде әдістемелік ұсынымдар мен алгоритмдер әзірленген. Бұл тәжірибе өңірлердегі ProLab зертханалары мен прокуратуралардың оқу-практикалық кабинеттеріне енгізілуде.

Сонымен қатар Академия 20-ға жуық патентке ие болды. Олардың қатарында ұшқышсыз ұшу аппараттарының прототиптері, тергеу әрекеттеріне арналған арнайы техникалық құралдар және криминалистикалық зерттеулер мен іздестіру жұмыстарына пайдаланылатын суасты дроны бар.

Сапар қорытындысында Берік Асылов қазіргі заманғы мемлекеттің қауіпсіздігін ғылымсыз, жаңа технологияларсыз және жасанды интеллектісіз қамтамасыз ету мүмкін еместігін атап өтті.