8231

Халықтың Президентке сенім деңгейі 86,9%-ға жетті

Респонденттердің басым бөлігі елдегі қоғамдық-саяси ахуалды тұрақты деп бағалап, болашаққа оң көзқарас танытқан.

Халықтың Президентке сенім деңгейі 86,9%-ға жетті
Қазақстандық қоғамдық даму институты

Қазақстандық қоғамдық даму институты (ҚҚДИ) 2026 жылғы 17 шілдеде «2026 жылғы электоралдық ландшафт және сайлау тенденциялары: қоғам не күтеді» тақырыбында өткен Sarap сарапшылар клубының отырысында екі ірі әлеуметтанулық зерттеудің нәтижесін жариялады. Бұл туралы Қазақстандық қоғамдық даму институты хабарлады.

Жиынға сарапшылар, ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері, талдау орталықтарының жетекшілері, жоғары оқу орындарының магистранттары мен докторанттары қатысты. Кездесуде жаңа Конституция жағдайындағы қоғамдық көңіл күй, партиялық институттардың рөлі және азаматтардың сайлау үдерістеріне қатысу белсенділігі талқыланды.

Іс-шара барысында ҚҚДИ жүргізген екі тәуелсіз зерттеу таныстырылды. Оның бірі – «2026 жылдың II тоқсанындағы қоғамдық-саяси ахуал» зерттеуі (2 400 респондент), екіншісі – «Қазақстандықтардың саяси бағдарлары» зерттеуі (1 200 респондент). Ұйым мәліметінше, екі зерттеудің нәтижелері бір-бірін толықтырып, елдегі қоғамдық консолидацияның жоғары деңгейін, азаматтардың оптимистік көңіл күйін және мемлекеттік институттарға деген тұрақты сенімді көрсеткен.

Зерттеу қорытындысына сәйкес, қазақстандықтардың 84,1%-ы елдегі қоғамдық-саяси ахуалды қолайлы немесе тұрақты деп бағалаған. Бұл көрсеткіш бірінші тоқсандағы 70,4%-дан айтарлықтай жоғары.

Сонымен қатар, азаматтардың 88,5%-ы өз көңіл күйін жақсы немесе қалыпты деп бағаласа, алаңдаушылық білдіргендердің үлесі 15,2%-дан 11,5%-ға дейін азайған. Өміріне қанағаттанатындардың деңгейі 85,8%-ға жеткен.

Сауалнамаға қатысқандардың 50,5%-ы соңғы бір жылда отбасының материалдық жағдайы жақсарғанын айтқан. Ал 60,1%-ы алдағы бір жылда оң өзгерістер болады деп күтетінін жеткізген.

Жастар арасында да оң бағалар басым. 18-28 жас аралығындағы респонденттердің 87,1%-ы қоғамдық-саяси ахуалды тұрақты деп есептейді. Ал жастардың 65,6%-ы алдағы бір жылда өз өмірі жақсарады деген сенімде.

Мемлекеттік институттарға деген сенім көрсеткіші де жоғары деңгейде сақталған. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, респонденттердің 86,9%-ы Қазақстан Президентіне сенім білдірген. Бұл көрсеткіш барлық жас санаттарында ұқсас деңгейде тіркелген.

Екінші зерттеу нәтижесінде азаматтардың 75,1%-ы алдағы Құрылтай сайлауына қатысуға дайын екенін мәлімдеген. Оның ішінде 37,6%-ы сайлауға міндетті түрде қатысатынын айтса, 37,5%-ы қатысу ықтималдығы жоғары екенін көрсеткен.

Сайлауға қатысуға дайындық көрсеткіші егде жастағы азаматтар арасында 80,7%-ды, ал жастар арасында 69,4%-ды құрады. Сондай-ақ жоғары білімді азаматтар мен ауыл тұрғындары арасында да сайлауға қатысуға ниеттілердің үлесі жоғары болған.

Жиын қорытындысында сарапшылар алдағы Құрылтай сайлауы Қазақстанның саяси жүйесін дамытудың жаңа кезеңіне жол ашатын маңызды қоғамдық-саяси оқиға болатынын атап өтті.

Айта кетейік, Қазақстандық қоғамдық даму институты сайлау науқаны кезінде қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу үшін Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының аккредитациясынан өткен.